Хакерлер допинг қабылдаған тағы 26 спортшының есімін жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ADAMS антидопингтік жүйесінің мәліметтер базасын бұзып кірген Fancy Bears хакерлер тобы жариялаған жаңа тізімде испандық теннисші Рафаэль Надаль мен британдық жеңіл атлет Мо Фарахтың есімі бар. Допинг қабылдаған спортшылар тізімінде 10 елден 26 атлеттің аты бар. Тізім хакерлердің сайтында жарияланды, деп хабарлайды ТАСС.
Құжаттардағы мәліметтерге сүйенсек, екі дүркін олимпиада чемпионы және 14 рет «Үлкен дулыға» сериясындағы турнирлердің жеңімпазы болған Надальдің 2009 және 2012 жылдары алынған допинг-сынамасынан тыйым салынған бетаметазон және тетракозактид табылған. 4 дүркін Олимпиада чемпионы Фарахтың 2008 және 2014 жылдары алынған сынамасынан триамцинолон және есірткі заты саналатын - морфин мен викодин табылған.
Сондай-ақ, Fancy Bears-тің бұл жолғы жариялаған құжаттарынан әр жылдары төмендегі елдердің спортшылары допинг қабылдағаны туралы дәлел табуға болады: Ұлыбритания - Сэм Куэк, Криста Каллен, Алекс Дэнсон (барлығы - ОО-2016 «алтынын» алған, көгалдағы хоккей), Кэллум Скиннер (алтын, велоспорт), Хелен Гловер (алтын, академиялық есу), Джастин Роуз (алтын, гольф), Пит Рид (алтын, академиялық есу); АҚШ - Ариана Вашингтон (алтын, жеңіл атлетика), Брейди Эллисон (күміс, садақ ату), Коннор Йегер (күміс, жүзу), Лори Эрнандес (алтын, спорттық гимнастика); Канада - Кристин Синклер, Мелисса Танкреди, Риан Уилкинсон, Софи Шмидт (бәрі - қола, футбол); Аргентина - Лукас Рей, Факундо Каллиони (екеуі де - алтын, көгалдағы хоккей); Франция - Димитри Баску (қола, жеңіл атлетика), Готье Грюмье (алтын және қола, семсерлесу); Дании - Каспер Мортенсен (алтын, гандбол), Никлас Ларсен (қола, велоспорт); сондай-ақ белгиялық Лоик Люпаэр (күміс, көгалдағы хоккей), Бурунди өкілі Франсина Нийонсаба (күміс, жеңіл атлетика) және венгр Ласло Чех (жүзу).