Хакерлер FTX криптобиржасынан 415 млн доллар ұрлаған

АСТАНА. ТАСС - ҚазАқпарат – Банкротқа ұшыраған FTX криптовалюта биржасы хакерлер 415 млн долларды ұрлағанын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Хакерлер FTX криптобиржасынан 415 млн доллар ұрлаған

CNBC телеарнасының хабарлауынша, компания заңгерлері мен кеңесшілерінің мәліметі бойынша, $323 млн FTX.com-нан ұрланса, $90 млн америкалық бөлімшесінен жымқырылған.

Сонымен қатар $2 млн Alameda Research хедж-қорынан шығарылған. Болжам бойынша, ұрлық 2022 жылдың қарашасында биржа құлағаннан кейін болған жүйенің бұзылуымен байланысты. Жалпы FTX-тің жойылған активтерінің соммасы – 5,5 млрд доллар. Бұл сомманың ішінде FTX негізін қалаушы Сэм Бэнкман-Фридтің Багам аралдарындағы жекеменшігі бар, оның құны жүздеген миллион доллар деп бағаланып отыр.

Қарашаның басында FTX компаниясы Twitter-де банкрот болғаны туралы мәлімдеді, ал оның басшысы Бэнкман-Фрид отставкаға кетті. АҚШ-тың бағалы құжаттар мен биржа комиссиясы бизнесменнің өтімділік дағдарысқа әкеп соққан әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Кәсіпкер өзіне айтылған айыптың бәрін жоққа шығарып отыр.

Фото: AP Photo/ Marta Lavandier