Хакерлер Ресейдің көрікті орындарының атауларын өзгертіп жіберді
Мәселен, Уфаның Google-картасында жергілікті көрікті орындар мен басқа да нысандардың атаулары күлдіргі сөздермен ауыстырылып қойғанын көруге болады. Олардың арасында саябақтар, мектептер, гимназиялар, дүкендер, банк, сауда орталығы мен сауна бар.
Мысалы, Уфаның Google-картасында Шаттыққа толы Достық үйі, Магометандық зират, Азат Халимов атындағы «Орталық қалжың» сауда кешені және тағы басқалары пайда болды. Сондай-ақ хакерлер Уфадағы нысандардың басым бөлігіне бразилиялық стриптизер Рикардо Милостың есімін берген.
«Башинформ» агенттігіне Уфа әкімшілігінің баспасөз хатшысы Марсель Байдавлетов хабарлағандай, Google-картада жергілікті көрікті орындардың атауларының өзгеруі Ресейдің басқа да ірі қалаларында болған. Олардың арасында - Ульяновск және Воронеж бар.
«Белгілі бір адамдар тобы немесе қоғамдастық қана нысандардың атауларын өзгерте алады. Бір адам мұны істей алмайды. Біз Google-сервиске хакерлердің жасаған өзгерістерін жоюды сұрап, сауал жолдадық. Таяу уақытта Уфаның Google-картасында көрікті орындар мен басқа да нысандардың бұрынғы атаулары қайта пайда болады деп үміттенеміз», - деді Марсель Байдавлетов.