Хакерлер WikiLeaks басшысы үшін кек алды
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Джулиан Ассанджды жақтаушы хакерлер оның тұтқынға алынғалы үшін кек алды. Кеше швед прокуратурасының сайты мен WikiLeaks үшін қайырымдылық жарналарын қабылдаудан бас тартқан PayPal төлемдік жүйесінің және Ассандждың есепшотын жауып тастаған Swiss Post Office банкінің сайттары кибершабуылға ұшырады.
Хакерлердің бірінің BBC News компаниясына хабарлауынша, WikiLeaks «құпия материалдар жарияланатын сайт болудан қалып, қарапайым азаматтардың өкіметке қарсы күресінің шайқас алаңына айналып отыр».
Естеріңізге сала кетейік, мыңдаған құпия құжаттарды жариялаған WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассандж Ұлыбританияда жүрген сапары кезінде, адам зорлады деген швед өкіметінің айыптауы бойынша қамауға алынған болатын. Ассанджды кепілақшамен бостандыққа шығаруға да рұқсат берілмей отыр.