Хакерлер Wikileaks есепшотын жапқан MasterCard төлем жүйесіне шабуыл жасады

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Хакерлер MasterCard төлем жүйесіне шабуыл жасады, деп хабарлады РБК агенттігі.

Хакерлер Wikileaks есепшотын жапқан MasterCard төлем жүйесіне шабуыл жасады

Компания өкілдерінің хабарлауынша, сырттан жасалған әрекеттің салдарынан «төлем жүйесі толық жұмысын тоқтатты». Бұған олар Wikileaks жақтастарынан қауіптенеді. MasterCard өкілдерінің айтуынша, сайт жүйесі де істен шыққан.

Еске сала кетейік, мұның алдында ірі халықаралық MasterCard төлем жүйесі жобаның негізін қалаушы Джулиан Ассанджға қатысты тергеу басталуымен байланысты WikiLeaks интернет-жобасының есепшотына қаржы аударуды тоқтатқан болатын. MasterCard өкілдерінің мәлімдемелері бойынша, операцияларды жүзеге асыру WikiLeaks қызметін тергеу толық аяқталып, жағдай анықталғанша тоқтатылған. Сондай-ақ Visa жетекші төлем жүйесі де осындай шешім қабылдаған.

Бұдан бұрын танымал PayPal электронды төлемдер сервисі де WikiLeaks шотына ақша аударуды тоқтатты, сондықтан да Дж.Ассандж Швейцария поштасының құрылымдық бөлімшесі PostFinance компаниясынан есепшот ашуға мәжбүр болды. Алайда бұл әрекет те іске аспады. PostFinance, Дж.Ассандждың шотын жапқанын хабарлады. Оған PostFinance компаниясында есепшот ашқан адамның Швейцария аумағында тұрмауы себеп болды. 2010 жылғы 7 желтоқсанда WikiLeaks өзінің тұрақты оқырмандарына сайтқа көмектесу жөнінде үндеу жариялады. Хабарламада сайтқа жан-жақтан шабуыл жасалып, оның өмір сүруі қиындап отырғаны айтылған.

Ал Дж.Ассандждың өзін лондондық сот кепілге босатудан бас тартты. Ол 2010 жылғы 14 желтоқсанда болатын келесі тыңдауға дейін қамауда болмақ.