20:22, 15 Наурыз 2016 | GMT +5
Хакерлерге 100 млн долларын ұрлатқан банктің басшысы қызметінен кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангладеш орталық банкінің басшысы Атиур Рахман елдің алтын-валюта қорынан 100 млн долларды хакерлер ұрлағаннан кейін қызметінен кетті, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Ақпан айында кибер қылмыскерлер орталық банктің компьютерлік жүйесін бұзып кіріп, оның Нью-Йорктегі Федеральдық резерв банкіндегі есеп-шотындағы ақшаларын Филиппиндегі казиноға және Шри-Ланкадағы есеп-шотқа аударып жіберген.
Ол қаржының қолды болғандығын үкіметке хабарламағаны үшін билік тарапынан қатты сынға ұшырады.
Елдің қаржы министрі Абул Маал Абдул Мұхит оқиғадан бір ай өткен соң ғана хакерлік шабуыл туралы газеттен оқығандығын мәлімдеген.
Қазір Бангладеш орталық банкінің басшылығы Шри-Ланкаға аударылып кеткен қаржыны қайтарылғандығын, ендігі кезекте Филиппин билігімен ұрланған ақшаның негізгі бөлігін қайтару жайы бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын атап өткен.