Хакерлік шабуылға ұшыраған Сыртқы істер министрлігінің жүйесі тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздің Сыртқы істер министрлігінің жүйесі қауіпсіздігін жоспардан тыс тексеріп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

- Infosecurity Magazine сайтында цифрлық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын Sekoia компаниясының есебіне сілтеме жасай отырып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде стратегиялық маңызды ақпаратты жинау мақсатында кибершабуыл туралы ақпарат орналастырылды. Бұл кибершабуылға қатысты алғашқы есепті украиналық CERT былтыр шілдеде жариялады. Есепте жүйені қашықтан басқару үшін пайдаланылған «HATVIBE» және «CherrySpy» залалды бағдарламалары сипатталған, - дейді министрліктің баспасөз қызметінен.
Ақпаратта айтылғандай, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қатысты «CherrySpy» және «HATVIBE» файлдарын пайдалана отырып, хакерлік топтың кибершабуылы «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап қорғалу жай-күйінің мониторингі бойынша жүргізілетін іс-шаралар шеңберінде тіркелді.
Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік техникалық қызмет акционерлік қоғамымен бірлесіп, былтыр Сыртқы істер министрлігінің ақпараттық қауіпсіздігіне тексеру жүргізді.
- Жаңа мән-жайға байланысты біздің министрлік Сыртқы істер министрлігіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады, - дейді ведомстводан.
Еске сала кетсек, былтыр жазда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хакерлік шабуыл жасалған еді.