Халық 50 жылдық газ баллонын әлі пайдаланып жүр – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне газ баллондарының өндірісін жылдамдатып ұйымдастыруды тапсырды.
«Суық түскелі бері үйлерде газ баллондары жарылған 8 жағдай орын алды. Негізгі себеп – оларды пайдалану және сақтау талаптарын бұзу. Оның ішінде 50 жыл болған баллондар да бар. Қазіргі уақытта газ жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс тиісті деңгейде емес.
Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов газ баллондарының қауіпсіздігі жыл өткен сайын күрделеніп бара жатқанын атап өтті.
«Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Премьер-министр.