«Халық қатысатын бюджет»: Алматыда Абай даңғылында бөлу жолағы абаттандырылады
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Абай даңғылындағы бөлу жолағы абаттандырылады. Кешенді жұмыс Тұрғыт Өзал көшесінен Мұқанов көшесіне дейін, ұзындығы 2,6 шақырым аймақты қамтиды. Алматы әкімдігінен атап өткендей, соңғы рет мұнда 15 жыл бұрын жөндеу жүргізілген. Жарықтандыру, суару жүйесін орнату, жасыл екпелерді санитарлық және қалыптап кесу, сондай-ақ объектіні көгалдандыру жоспарда.
Аталған жұмыстар осы жылдың күзінде аяқталады. Алматы әкімі Ерболат Досаев жаңғырту кезінде қала тұрғындарының серуендеуіне қолайлы жағдай жасау үшін сапалы материалдарды пайдалану қажет екенін атап өтті.

«Халық қатысатын бюджет» аясында Бостандық ауданында биыл барлығы 50 жоба іске асырылады.

Жалпы, Алматыда осы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасына 18,8 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық.

Алматылықтар қала бюджеті есебінен аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын құру бойынша өз идеяларын жүзеге асыра алады.