«Халық қатысатын бюджет» жобасы Көкшетауда қалай жүзеге асырылып жатыр

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетау қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысу үшін биыл 50 жоба ұсынылған. Оның 10-ы белгіленген ережелерге сәйкес келмесе, 40 жоба дауыс беру кезеңіне сәтті өткен.

Халық қатысатын бюджет
Фото: gov.kz

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Махаббат Самраттың айтуынша, жоба облыс орталығын дамытуда тұрғындардың тікелей қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

«Аталмыш жоба биылғы жылы қаңтардың үшінші онкүндігінде басталды. Негізгі мақсат-бюджет процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және қала тұрғындарына жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндік беру. Жобаға қатысуға өтінімдерді өз аулалары мен қоғамдық кеңістіктерін абаттандыруға мүдделі Көкшетаудың барлық тұрғындары бере алады. Жоба шеңберінде аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, спорттық, балалар ойын алаңдарын салу және жөндеу сияқты түрлі мақсаттарды таңдауға болады», – дейді Махаббат Самрат.

Ол атап өткендей, жобаның басталғаны туралы хабарландырудан кейін тұрғындар өз жобаларын дайындап, оны қала әкімдігінің сайтына жүктеуі керек. Сараптамалық кеңес келіп түскен жобаларды ережелерге сәйкестігін қарайды, содан кейін дауыс беру кезеңі басталады.

«Жоба мақұлдануы үшін кем дегенде 50 дауыс жинауы керек. Биыл 50 жоба ұсынылды, оның 10-ы белгіленген ережелерге сәйкес келмеді. Қалған 40 жоба дауыс беру кезеңіне сәтті өтті. Айта кететін жайт, әкімдік бұл кезеңге қатыспайды. Істің нәтижесі тек қатысушылардың, яғни тұрғындардың өздеріне деген ұмтылысына байланысты. Ұсынылған 40 жобаның 19-ы 50-ден астам дауыс жинай алды, енді осы бастамалар бойынша құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. Бүгінгі таңда 10 алаң бойынша жұмыстар аяқталды. Олардың барлығы сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи жабдықтармен жабдықталған», – деп толықтырды Махаббат Самрат.

Соның бірі – Көкшетау қаласының Назарбаев көшесі 64 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жаңа заманауи спорт және балалар ойын алаңдары салынып, халық игілігіне берілді. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған нысанның құрылысы жұмыстарын мердігер «STRONG SERVICE» ЖШС жүргізді.

Бұл сол жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін қуанышты оқиға болды. Жергілікті тұрғындар, әсіресе балалары бар ата-аналар спорт және ойын алаңдарының ашылуын асыға күтті.

«Бұрын біз балаларымыздың ойнап, жаттығуы үшін өзге үйлердің аулаларына баратын едік. Енді бәрі үйіміздің алдында, ешқайда барудың қажеті жоқ. Балалар жаңа тренажерлер мен ойын жабдықтарына қуанып жатыр. Біз «Халық қатысатын бюджет» жобасына өзіміз қатыса алатынымызға қуаныштымыз», – деді қала тұрғыны Анжелика Толпакова.

Анжелика бастаған тұрғындар осы жобаның іске асырылуына белсенді қатысқан болатын. Балалар ойын алаңымен қатар, аулада көше тренажерлары бар заманауи спорт алаңы да жабдықталған. Бұл жергілікті жастарға спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.

«Алаңның ашылуы Көкшетау қаласын абаттандыру бағдарламасын іске асырудағы тағы бір қадам болды. Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың пікірлерін ескеруге және олардың қажеттіліктеріне қарай қаланың инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өзара түсіністік атмосферасын қалыптастырады және азаматтардың қаланың дамуына қатысуын анағұрлым айқын етеді. Мұндай бастамалардың дамуын жалғастыру маңызды, өйткені жайлы қалалық орта – бұл бақытты балалық шақтың және барлық тұрғындардың қала өміріне белсенді қатысуының кепілі», – деп түйіндеді қала әкімінің баспасөз хатшысы Махаббат Самрат.

Айта кетсек, осы күні Көкшетауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 19 жаңа спорт және балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Бұл біздің тұрғындар, әсіресе балалар мен жастар үшін ыңғайлы жағдайда спортпен шұғылдануға тамаша мүмкіндік.

Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысының бір ауылында екі бірдей жайлы мектеп ашылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар