Халық Кеңесінің алдында тарихи міндет тұр – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Ел шежіресіндегі алғашқы Халық кеңесінің жауапкершілігі ерекше, жүктелетін міндет те бөлек. Бұл пікірді Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
– Бүгін әрқайсымызға үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Біз сан қырлы қазақстандық қоғамның мүддесін білдіретін жаңа саяси институттың бір бөлігіне айналдық. Сондықтан алдымызда тарихи маңызы зор міндет тұр – осы институттың мазмұнын нақты істермен толықтыруымыз керек, – деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, Халық Кеңесіне конституциялық мәртебе берілуі Мемлекет басшысының негізгі ұстанымын тағы бір мәрте айғақтайды: халық – мемлекеттің басты стратегиялық серіктесі. Осы ұстаным Мемлекет басшысы жүзеге асырып келе жатқан ауқымды реформалардың барлығында көрініс тауып келеді.
– Әрине, халқымыз қолдаған жаңа Ата заңымызда айқындалған құндылықтар мен басымдықтар жұмысымыздың негізгі өзегіне айналады. Мұның бәрі Халық кеңесінің қызметіне бағыт-бағдар береді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Халық кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді білікті әрі абыроймен атқарады деп сенемін. Бұл – ел шежіресіндегі алғашқы Халық кеңесі. Оның жауапкершілігі ерекше, жүктелетін міндет те бөлек. Өздеріңізбен бірге халқымыздың және Президентіміздің сенімін ақтаймыз деп сенемін, – деді Халық Кеңесінің төрағасы.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасы қызметіне Е. Қошановтың кандидатурасын ұсынған еді.
Еске сала кетсек, жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордадағы V Ұлттық құрылтайда Халық кеңесі институтының заңдық мәртебесі қандай болатынын айтып берді.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің 126 адамнан тұратын құрамын бекітті. Онда этномәдени бірлестіктерден — 42, қоғамдық бірлестіктерден — 42, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден — 42 өкіл бар.
Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 23-24 қыркүйек күндері өтеді.