Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеледі – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің ұйымдастырушылық отырысында айтты.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа консультативтік орган құрамына кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын атап өтті.

– Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.