Халық су басқан өңірлерге қол ұшын созды – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов тасқынмен күрес, оның салдарын жою және объектілерді қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты.
«Биылғы тасқын тәуелсіздік тарихындағы ең ірі табиғи апаттардың бірі болды. Жағдайды Мемлекет басшысы өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Апатпен күресуге қолдағы барлық ресурстар мен күштер жұмылдырылды, 60-тан астам елді мекеннен 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Мыңдаған адам дүние-мүлкі, бизнесі мен табыс көзінен айырылды. Еліміздің аграрлық секторы да зардап шекті деуге болады. Мемлекеттік органдардың, ірі бизнес өкілдерінің, белсенді азаматтар мен волонтерлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ауқымды жұмыс жүргізілді», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысын қорытындылай келе.
Сонымен қатар Үкімет басшысы тасқынның зардабын шеккен жандарға медициналық және психологиялық көмек көрсетілгенін айтты.
«Адамдар уақытша баспанамен, тамақпен және күнделікті өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүкіл халық болып Мемлекет басшысының үндеуіне құлақ асып, су басқан өңірлерге қол ұшын созды. Бәріне жәрдем беріліп, зардап шеккендердің барлығы біржолғы төлем алды. Қираған және су басқан дүние-мүлікке өтемақы төленді. Сонымен қатар 9 мыңнан астам үйді жөндеуге қаражат төленіп, нарықтан 6 мыңға жуық пәтер мен үй сатып алынды. Құрылыс және жөндеу жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілді», - дейді О. Бектенов.