Халықаралық автотасымалдарға рұқсат беру тәртібі қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM - Көлік министрлігінде халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Халықаралық автотасымалдарға рұқсат беру тәртібі қайта қаралады
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Отырысқа жұмыс тобының құрамына кіретін қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына, сондай-ақ тасымалдаушыларды халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауға жіберу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.

-Негізгі назар практикалық мәселелерге аударылды. Жұмыс тобының мүшелері шетелдік рұқсаттарды беру және пайдалану тәртібін жетілдіру, рұқсат беру жүйесінің тиімділігін арттыру және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстарын білдірді,-делінген хабарламада.

Жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша автокөлік құралдарында рұқсат беру жүйесі талаптарының бұзылуын жедел тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-боттың жұмысы қайта іске қосылады.

Рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс Көлік министрлігі мен сала өкілдерінің өзара іс-қимылы аясында жалғасады.

Осыған дейін Алматыда жүк көліктеріне арналған шектеу талаптарын бұзған 3 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылғаны туралы жаздық.