Халықаралық азаматтық авиация ұйымының өкілі Ақтауға келді
АСТАНА. KAZINFORM – Тормодур Тормодсон халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық оқиғаларды тергеу секциясының басшысы.
- Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Бас хатшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 29 желтоқсанда Ақтау қаласына арнайы бақылаушы — авиациялық оқиғаларды тергеу секциясының басшысы Тормодур Тормодсон ұшып келді. ИКАО Қазақстанның авиациялық билік өкілдерінің тергеп-тексеру барысындағы ашықтығы мен мүдделі мемлекеттермен өзара әрекетін жоғары бағалады, - делінген хабарламада.
Қазір 17 халықаралық сарапшы Ақтау қаласында.
Сондай-ақ, Көлік министрлігіне қарасты комиссияны Марат Қарабаев басқарады.
- Комиссия төрағасының орынбасары, тергеу жөніндегі уәкіл — көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу Департаментінің директоры Нұржан Малаев. Министрлікке қарасты бұл Комиссия Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның құрамына кіреді, - дейді ведомстводан.
Көлік министрлігінің ұйытқы болуымен құрылған комиссиясының мақсаты — авиациялық оқиғаның себебін анықтап, апаттың алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу.
- Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесіп бекітіледі, - деген хабар алдық министрліктен.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.