Халықаралық коалиция Иракқа барлық базасы мен штабтарын тапсырды
АСТАНА.KAZINFORM – Халықаралық коалиция миссиясы аяқталғаннан кейін Бағдад ел қауіпсіздігін өз күшімен қамтамасыз етуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ирак билігіне өзіне тиесілі барлық база мен штабтарды тапсырды. Ал 30 қыркүйектен кейін ел аумағында коалицияның әскери және оқу-жаттығу бөлімшелері қалмайды. Бұл туралы Ирактың Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ақпарат басқармасының басшысы Саад Маан Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
— Қазір Иракта халықаралық коалицияның әскери күштері жоқ. 30 қыркүйектен кейін оның оқу-жаттығу бөлімшелері де болмайды. Коалиция шығарылғаннан кейін Ирак қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын, — деді Маан.
Оның айтуынша, миссия аяқталған соң Ирак коалиция құрамындағы мемлекеттермен екіжақты ынтымақтастық орнатады.
АҚШ 2014 жылы Ирак билігінің көмек сұраған үндеуінен кейін «Ислам мемлекетіне» қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалиция құрды (Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым – ред. ескертпесі). Коалиция құрамына Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Испания және Иордания сияқты мемлекеттер қосылды.
#ThrowbackThursday Soldiers with Qwat al-Khasah, the Special Forces of Iraq, conducting tactical training alongside coalition partners, Aug. 2020. CJTF-OIR and the ISF continue to cooperate towards maintaining a stable & secure region. #OneMissionManyNations #PartnerofChoice https://t.co/vJqNcrVEUT
— Operation Inherent Resolve (@CJTFOIR) July 25, 2024
Коалицияның Ирактағы әскери миссиясы «Мызғымас шешім» операциясы аясында жүргізілді. Оның қатысушылары Ирак күштеріне қарулы топпен күресте қолдау көрсетіп, кейін әскери қызметшілерді даярлап, кеңес берді. 2024 жылғы қыркүйекте Бағдад пен Вашингтон бұл миссияны 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтау туралы уағдаласты.
2026 жылғы қаңтарда коалиция кеңесшілері Ирактың федералдық бөлігіндегі базалар мен командалық пункттерден, соның ішінде Айн-әл-Асад әуе базасынан шықты. Алайда Ирактың жартылай автономды Күрдістан аймағының астанасы Эрбильдегі коалиция бөлімшелері Сириядағы «Ислам мемлекеті» тобына қарсы операцияларға қолдау көрсетуді жалғастырды.
Бағдад пен Вашингтон келіскен жоспарға сәйкес, миссияның бұл кезеңі қыркүйек айының соңына дейін аяқталуға тиіс.
Миссияның аяқталуы Ирактың Күрдістан аймағындағы коалиция қызметіне де әсер етті. Коалиция төрт жылдық келісім мерзімі аяқталғаннан кейін күрд қарулы күштеріне қаржылай көмек көрсетуді тоқтатты.
Күрдістанның қарулы күштері министрлігінің бас хатшысы Бахтияр Мұхаммед Сиддик тамыз және қыркүйек айларына берілген қаржының соңғы төлем болғанын айтты. Ол Бағдадтағы федералдық үкіметті коалиция тоқтатқан қаржылай көмектің орнын толтыруға шақырды.
Бұған дейін АҚШ-тың 30 қыркүйекке дейін әскерін Ирактан толық шығаратынын хабарлаған болатынбыз.
Бұл туралы Ирак премьер-министрі Әли әз-Заиди де биыл мамыр айында Вашингтонға сапары барысында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде мәлімдеген еді.