Халықаралық Олимпиада күні туған сәбилер сертификаттар мен сыйлықтар алды

Халықаралық Олимпиада күні
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиада күніне орай, елімізде 23 маусым күні дүние есігін ашқан барлық нәрестелерге арнайы сертификат, құттықтау хаты және естелік сыйлықтар табыстады.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі атап өткендей, «Олимпиада күні туған» дәстүрлі акциясы кеше сағат 00:00-де басталып, еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Акцияға Қазақстанның барлық өңіріндегі 240 перзентхана қатысты. Кеше өмірге келген сәбилердің бәріне сыйлықтар жиынтығы табысталды.

23 маусымда туған сәбилерге арналған мерекелік жиынтық «Olympian is born» («Өмірге олимпиадашы келді») жазбасы бар бодилар табысталып, олимпиадашылар атынан  құттықтаутар жолданды.

нәресте
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

«Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін бұл күннің орны ерекше. Біз үлкен олимпиадалық отбасымызға қосылған барлық сәбиді осылай қарсы аламыз. Өмірлік таңдауының қандай боларына қарамастан, біз осы бір ерекше дата – Халықаралық Олимпиада күнінде туған әрбір баланың қандай сынақтан болса да сүрінбей өтетініне сенеміз. Олардың армандарының орындалуын тілейміз. Бала арманының қаншама биіктігіне қарамастан оны орындауға болатынын біздің спортшыларымыз сән мәрте дәлелдеп шыққан. Қазіргі чемпиондардың жаңа туған сәбилерге жолдаған тілегі өмірін енді бастаған бөбектер мен біздің олимпиадашылар арасындағы бұзылмас байланыс іспетті. Біз осы күні өмірге келген нәрестелер мен мен олардың отбасыларының қуанышына ортақтасып, зор денсаулық, бақыт, байлық тілейміз», - деп атап өтті Қазақстан ҰОК.

Астана перзентханаларындағы жаңа туған сәбилерге сыйлықтарды бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен шорт-тректен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Денис Никиша жеткізді.

Халықаралық Олимпиада күні
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Акция 23 маусым күні сағат 00:00-де аяқталады. Былтыр Халықаралық Олимпиада күнінде 2000-ға жуық бала дүниеге келді. 2024 жылы туған сәбилер саны 24 маусымда, яғни бүгін анықталады.

Айта кетелік, Халықаралық Олимпиада күніне арналған бірегей акцияны Қазақстан ҰОК алғаш рет 2020 жылы жүзеге асырды.

Акция ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен молекулярлы медицина Орталығының қолдауымен өтті.

Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындары осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар