Халықаралық студенттер күні: 17 қараша қалай тарихи датаға айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 қараша - Халықаралық студенттер күні. Осы бір мерекенің шығу тарихы айтарлықтай қызықты да емес. Ол қанды әрі қайғылы оқиғаға байланысты пайда болғанын екінің бірі біле бермейді.
1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шықты (28.10.1918). Басқыншы бөлімдер шеруді күшпен басып, сонымен бірге медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атып тастайды.
15 қарашадағы Ян Оплеталды жерлеу рәсімі қайтадан наразылыққа ұласады. Шеруге шыққандардың көбі қамауға алынған. 17 қарашада гестапошылар мен эсэстер студенттік жатақханаларды қоршауға алып, 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалды. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсенді студенті Праганың Рузина ауданында түрме қабырғасында сотсыз дарға асылды. Гитлердің бұйрығымен Чехиядағы барлық оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабылды.
1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні белгіленді.
Міне, жалынды жастық шақтың мерекесі - студенттер күнінің шығу тарихы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияда осылай басталған. Одан бері талай жылдың жүзі болды. Тарихы қанды оқиғамен бастау алған осы бір мейрам қазірде әлемнің түпкір-түпкірінде аталып өтеді. Осылайша заң және адам құқығына үстемдік беретін мемлекеттер қылышынан қан тамған фашистік жүйенің құрбаны болған он студенттің рухына үнсіз тағзым ететіндей.