Халықаралық театр күні: Алматыда жыл басынан бері 11 мың адам театрға барды

театр
Фото: Pyxabay.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 27 наурыз — Халықаралық театр күні Алматы театрлары жыл сайын атап өтетін дәстүрлі мерекеге айналған.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері қаланың үш театрында қойылған спектакльдерге 11 мыңнан астам көрермен келген.

«Өткен жылы үш Алматы театрлары барлығы 1320 спектакль қойды. Оған 144 мың 652 көрермен қатысты. Биыл жыл басынан бері 116 спектакльге 11 мың 105 көрермен келді. Театр труппалары балалар үйлерінде және басқа да әлеуметтік нысандарда қайырымдылық көрсетілімдеріне қатысады, сондай-ақ Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамын мерекелеу аясында қаланың ашық алаңдарында өнер көрсетеді», — деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өткен жылы Қуыршақ театры «Қаздар-аққулар», «Есте сақтаңдар, балалар!», «Колобок», «Мамонтеноктың мамасы», ал биыл аншлагпен қазақстандық танымал боксшы Бекзат Саттарханов туралы «Чемпион» және әлемге танымал Чарльз Перроның ертегісі негізінде «Етік киген мысық» спектакльдерінің премьералары өтті.

Гогольдің повесі бойынша «Шинель», жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай «Менің атым Қожа», қазақ халық ертегісі бойынша «Алдар Көсе», ағайынды Гриммдердің әлемге әйгілі ертегісі негізінде «Ақшақар және жеті гном», басқа да қойылымдар кезекте тұр. Көрермендер әрлеу жұмыстары ойдағыдай жасалған мемлекеттік Қуыршақ театрындағы залдардың жайлылығына баға беріп үлгерді.

«Бұдан басқа, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» сәтті премьерасынан соң, «Алматы алғашқы махаббатым» мюзиклін қою жоспарлануда. Келешекте көрермендер «Естайдың Қорланы» және «Біржан сал» музыкалық драмаларын, «Ақсақ құлан» балетін, сондай-ақ, «Бастапқы» концерттік қойылымын тамашалай алады. Өткен жылы «Жаңа ғасыр» жастар театрында «Вий» және «Жекпе-жек» секілді премьералар атап өтілді. 2024 жылы аты аңызға айналған актер және режиссер Асанәлі Әшімовтің ізбасарлары Шыңғыс Айтматов, Роберт Томның шығармашылығына жүгінуге, сондай-ақ, Дулат Исабеков пен Елдар Тәшкенбайдың шығармаларына қойылымдар жасауға ниетті», — делінеді әкімдіктің хабарламасында.

Айту керек, өткен жылы Алматыда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өскен.

Еске салайық, бүгін Халықаралық театр күні. 1962 жылдан бастап атап өтілетін бұл атаулы күн 1961 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының Венада өткен 9-конгресінде бекітілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар