«Халыққа жақын»: Қызылорда облысы тұрғындарын қандай мәселелер алаңдатады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Халық Кеңесінің мобильді тобы «Халыққа жақын» республикалық жобасы аясында Қызылорда облысының Қармақшы ауданы тұрғындарын қабылдады.
Мобильді топ өкілдері Қармақшы ауданының зиялы қауым өкілдерімен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен және белсенді жастармен кездесу өткізді. Онда Президент реформаларын іске асырудағы қоғамның рөлі, өңірді дамытудың басым бағыттары мен халықпен байланыс орнатудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Халық Кеңесінің өкілдері жаңа консультативтік органның қызметі, негізгі міндеттері мен өкілеттіктеріне тоқталып, «Халыққа жақын» жобасының мәні мен маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру және азаматтық қоғамның белсенділігін дамыту мәселелері көтерілді. Жиынға қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ашық форматта пікір алмасты.
Жеке қабылдауда бірқатар аудан тұрғыны өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жауапты мамандарға жеткізді.
Жалпы кездесуде білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өтініштер басым. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне педагогтерді аттестаттау тәртібі, жас мамандарға біліктілік санатын мерзімінен бұрын беру мәселелері бойынша сұрақтар қойылса, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне аудандық ауруханада диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде өтініштер жолданды. Бұдан бөлек, салық заңнамасындағы өзгерістер, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алу және басқа да мәселелер назардан тыс қалмады.
Көтерілген ұсыныстардың бірқатары бойынша жауапты министрліктер мен салалық мамандар толықтай түсініктеме беріп, шешу тетіктерін айтып өтті.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерінің сауалдарына тікелей жауап алды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Халыққа жақын» жобасы шалғай ауылдарға дейін жетеді.