«Халықтық құрылыс»: нысанның әр кезеңде бақылауда болуы аса маңызды – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM - Қаражаттың ашық жұмсалуы, құрылыс барысын уақтылы бақылау және сатып алу жоспарын алдын ала жариялау «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндік береді.
Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Дидар Тебаев айтты.
Сарапшының айтуынша, жаңа тетіктің басты артықшылықтарының бірі – жобаның іске асырылу барысын әр кезеңде қадағалау мүмкіндігі.
– Нысанды жоспарлаудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі бүкіл кезеңнің бақылауда болуы аса маңызды. Комиссияның жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палата белгіленді. Президентке бағдарламаның іске асырылу барысы туралы тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша есеп беріледі. Егер құрылыс белгіленген кестеден кешіксе немесе оның құны өссе, есепте мұның себебін және мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданғанын көрсету маңызды, - деп түсіндірді Дидар Тебаев.
Бағдарлама бюджет қаражатының жұмсалуын бақылаумен қатар өңірлерде кәсіпкерліктің дамуына да серпін беруі мүмкін. Атап айтқанда, алдағы сатып алу туралы ақпараттың ашық болуы отандық кәсіпорындарға өз өнімі мен қызметіне деген сұранысты алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
– Сатып алу жоспары алдын ала жарияланса, жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілер, тасымалдаушылар мен инженерлік компаниялар алдағы тапсырыс көлемін бағамдай алады. Бұл өңірдегі шағын және орта бизнес үшін өндірісті кеңейту мен жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауға мүмкіндік береді, - деді сарапшы.
Дидар Тебаевтың пікірінше, бағдарламаның түпкі нәтижесін ең алдымен халықтың тұрмыс сапасына тигізген әсеріне қарай бағалау қажет. Игерілген қаражат көлемі мен салынған нысан санын ғана емес, олардың халықтың нақты қажеттілігін қаншалықты өтеп отырғанын да ескерген жөн.
– «Халықтық құрылыс» бағдарламасының табысты жүзеге асқанының басты өлшемі – әр нысан ашылғаннан кейін халықтың өмірінде не өзгергені. Енді қанша бала үйіне жақын жерде білім алып жүр? Науқастар өз ауданында медициналық тексеруден өте ала ма? Отбасылар ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етілді ме? Әр жобаға жұмсалған қаражатты дәл осындай нәтижелермен салыстыру қажет, - деп түйіндеді Дидар Тебаев.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Халықтық құрылыс» бойынша комиссияның құрамын бекіткен еді.