«Халықтық құрылыс»: Ұлттық қор қаржысы қалай жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға 6,5 трлн теңге бөлінбек. Бұл қаржыға жолдар, энергетикалық нысандар, сумен жабдықтау жүйелері, ауруханалар мен мектептер салынып, халықтың өмір сүру сапасы жақсаруы тиіс. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қалай жүзеге асырылады және оның тиімділігін қалай бағалаймыз? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы тақырыпты тарқатты.

Ұлттық қор қаржысы қала йжұмсалады
Коллаж: Kazinform / Nano Bananа

Президент шешімі

Мемлекет басшысы ««Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері»» атты Жолдауында елдің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрд доллардан асатынын айтқан. Бұл ретте қаржының бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жұмсалатын болды.

– Біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қалдырумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат етуіміз керек.

Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тарихи маңызы бар миссиямыз деп айтуға болады. Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдау. 2025 жыл
Фото: Ақорда

Ұлттық қор ірі мемлекеттік жобаларды қаржыландырудың негізгі көзі саналады. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Оның 1,5 трлн теңгесі әлеуметтік жобаларға бөлінеді: 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айына бағытталады.

Мұндай шешім қабылдауға инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі себеп. Қазір елге жаңа жолдар, энергетикалық қуат көздері, коммуналдық желілер мен әлеуметтік нысандар қажет.

Әрине, шикізаттан түсетін кірісті ұзақ мерзімді активтерге бағыттау Қордың мақсатына қайшы емес. Тек тиімділік тұрғысынан дұрыс талдауды қажет етеді. Себебі түпкілікті нәтиже қандай нысан салынатынына, жобалардың тиімділігі мен құрылыс аяқталғаннан кейін олардың қоғамға қандай пайда әкелетініне байланысты.

Ұлттық қор – қаржылық резерв

Әдепкіде Ұлттық қор мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстарды өндіруден түсетін табысты жинақтау үшін құрылған. Қор қаражатының негізгі бөлігін шикізат секторынан түсетін түсімдер мен инвестициялық кіріс құрайды.

Бүгінде Қазақстанның Ұлттық банкі – қордың валюталық активтерінің басқарушысы. Қаражат қаржы құралдарына бағытталып, одан алынған кіріс жинақтың жалпы құнына әсер етеді.

Түсінікті болуы үшін қордың екі негізгі міндетін тарқатайық.

Біріншісі – жинақтау. Табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігі болашақ ұрпақ үшін қорда сақталады.

Екіншісі – тұрақтандыру. Кейде бюджет тапшылығы немесе дағдарыс салдарынан экономикаға қосымша қолдауды көрсету қажет болады. Сол тұста қор мемлекет пайдалана алатын қаржылық резерв міндетін атқарады. Сондықтан Ұлттық қорды ешкім тиіспейтін жинақ ретінде де, оңды-солды шашатын қаражат көзі ретінде де бағалау қисынсыз.

Қордағы қаржының әр тиынын жұмсау үшін нақты негіз керек: қаржыландырылатын жоба қандай мәселені шешетінін және оны жүзеге асыру үшін неліктен дәл осы қор қаражаты таңдалатыны маңызды. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, Ұлттық қор қаражатын экономиканы дамытуға пайдаланудың салмақты себебі бар.

– Мұнай қоры не үшін құрылады? Ол қалпына келмейтін шикізатты қалпына келетін капиталға айналдыру үшін құрылады. Демек қор капиталы жолдарға, зауыттарға, энергетикаға, білім капиталына айналу керек, – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, ұзақ мерзімді инвестиция мен нәтиже бермейтін шығындардың аражігін ажырататын кез келді.

– Ақылға қонымды инвестиция дегеніміз – болашақта өздігінен табыс әкелетін немесе алдағы шығынды азайтатын салым. Мысалы, сауда айналымын арттыратын көпір, энергия тапшылығын жоятын электр станциясы немесе транзиттік кіріс әкелетін порт. Ал қаражатты «жеп қою» дегеніміз – ертең қайтадан қаржыландыруды қажет ететін мақсаттарға жұмсау. Бұның мысалын субсидиядан, біржолғы төлемнен, бюджеттегі «бос орынды» бітеуден байқаймыз, – дейді спикер.

Демек, дәл осы өлшем 6,5 трлн теңгелік бағдарламаны бағалаудың негізгі критерийіне айналуы ықтимал. Андрей Чеботарев нысан салу ғана емес, қаржыландыру аяқталғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық пайда әкелетін инфрақұрылым қалыптастыруды ескеру қажет деп санайды.

6,5 трлн теңге: көп пе, аз ба?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2021–2026 жылдар аралығында Ұлттық қор активтері 50 млрд доллардан 66 млрд долларға дейін өсті (шамамен 29,6 трлн теңге). 2024 жылы көрсеткіш аздап төмендегенімен, кейін қайта көтерілген.

ұлттық қор
Инфографика: Kazinform

Мұның себебі – қор активтерінің құны тұрақты болмайды: оған мұнай бағамы, қаражаттың жұмсалу көлемі, инвестиция нәтижесі де әсер етеді.

Қордың жалпы жинағымен салыстырсақ, 6,5 трлн теңге ауқымды көрінуі мүмкін. Дегенмен оны Жолдауда айтылған 130 млрд доллардан асатын көрсеткішпен салыстыру дұрыс емес. Себебі бұл сомаға Ұлттық қор активтерімен қатар елдің алтын-валюта резервтері кіреді. Қос жинақ – мемлекеттік қаржы резервінің екі бөлек құрамдас бөлігі. Сондықтан оларды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған бірыңғай қаражат көзі деп есептей алмаймыз.

Жоғарыдағы инфографикада Ұлттық қордың 2001 жылдан бергі жинақталған кірісі көрсетілген. Доллармен есептегенде көрсеткіш 171,4%-ға тең. Қор құрылған сәттен бергі жиынтық инвестициялық кіріс – 37 млрд доллар.

ұлттық қор
Фото: Kazinform / ЖИ

Аталған статистика инвестициялық басқарудың маңызын түсінуге көмектеседі. Ұлттық қор түскен қаражатты жай сақтап қоймайды, активтер қаржы нарығына орналастырылып, қосымша кіріс әкеліп жатыр. Қаржы портфелінде нарықтық тәуекел бар екенін ескерсек, инвестициялық кіріс қор активтерінің өсуіне де, төмендеуіне де ықпал ете алады деген белгі. Сондықтан қаражат алу туралы шешім қабылданғанда қордың қазіргі құны, оның ұзақ мерзімді динамикасы ескерілуі тиіс.

Қаражат қайда бағытталады?

Жолдауға сәйкес, қаражат «Халықтық құрылыс» деп аталған ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаға бағытталады. Ең алдымен, әлеуметтік нысандар салу көзделген. Алғашқы кезеңде өңірлерде шамамен 70 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Атап айтқанда, перинаталдық орталықтар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50 нысан құрылысы басталады.

Жеке бағыттардың бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Болашақта елді мекендерді газдандыру, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері шешіледі. Әлеуметтік жобаларға биыл және келесі жылдың алғашқы екі айында 1,5 трлн теңге қарастырылған.

«Халықтық құрылыс» көлік, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға да бағытталмақ. Жолдауда жолдар, әуежайлар, теміржол вокзалдары, логистикалық тораптар мен энергетикалық нысандар жеке аталды. Сонымен бірге алдағы құрылыстарға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкциялар мен инженерлік жабдықтарды елде өндіру қолға алынбақ. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Ұлттық қордың қаражатын импортты қаржыландыруға пайдалануға болмайды» деп кесіп айтты.

Тағы бір талап бар. Жобаларды жүзеге асыруға жергілікті шағын және орта бизнес атсалысады. Келешекте мемлекеттік қаражатты жеке инвестицияларды жұмылдыру құралы ретінде пайдалануы шарт. Басқаша айтқанда, жаңа нысан салумен іс бітпейді, олардың айналасына жұмыс орындары құрылып, өндірістік тізбек қалыптасады.

Қор
Фото: Kazinform

Мемлекет басшысы Ұлттық қордағы қаражатты жинақтау, оны пайдалану арасында тепе-теңдікті сақтауды айтқанын білеміз. Президент әр жобадан экономикалық және әлеуметтік қайтарым болуын тапсырған.

– Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін, – деді Президент.

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Ұлттық қордан 5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт қарастырылған болатын. Оның 2 трлн теңгесі 2027 жылға, ал 1,5 трлн теңгеден 2028 және 2029 жылдарға жоспарланған.

Бұл 5 трлн теңгені Жолдаудағы 6,5 трлн теңгеге қосуға болмайды. Өйткені 5 трлн теңге – инфрақұрылымды жаңғырту жоспары аясында 2027–2029 жылдарға бөлінген бюджет қаражаты. Сонымен қатар жалпы соманың жылдар бойынша нақты бөлінісін қосымша нақтылау қажет. Себебі әлеуметтік жобаларға арналған 1,5 трлн теңге 2026 жыл мен 2027 жылдың алғашқы екі айына қарастырылса, бюджеттік жоспар 2027–2029 жылдарды қамтиды.

Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі алдағы жобаларды қаржыландыру көзін қалай таңдайтынын түсіндірді:

– Ұлттық қордың қаражаты қаржы нарығында сақтаудан түсетін кірістен гөрі, елге экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан көбірек пайда әкелетін жобаларға бағытталады, – дейді министрліктегілер.

Ұлттық банктің мәліметінше, Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі 2026 жылы – 4,27 трлн теңге, 2027 жылы – 4,43 трлн теңге, 2028 жылы – 3,93 трлн теңге, ал 2029 жылы – 3,60 трлн теңге құрайды.

Қаржыны сақтау VS инфрақұрылымдық жобалар

Сарапшылардың болжамынша, инфрақұрылымға инвестиция салу экономиканың өсімін тежейтін олқылықтарды жоюға көмектеседі. Бұған дейін электр энергиясының тапшылығы жаңа кәсіпорындардың іске қосылуын тежеп келді, тозған коммуналдық желілер апатқа әкеліп, ресурстарды ысырап еткені есте. Ал сапасыз жолдар тасымал құнын қымбаттатып, өңірлер арасындағы сауда-саттықты қиындатты.

Егер мемлекеттік инвестиция дәл осындай мәселелерді шешуге бағытталса, оның әсері әлдеқайда кең болмақ: кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтады, тасымалдаушылар шығынын азайтады, тұрғындар сапалы коммуналдық қызметке қол жеткізеді. Мұндай оң шешім өңірлер мен жеке бизнес үшін де пайдалы.

Андрей Чеботарев сарапшы
Фото: Kazinform

Андрей Чеботарев жаңа нысандарға салынатын инвестицияның тиімділігін үш бағыт бойынша бағалауды ұсынады. Біріншісі – тікелей экономикалық нәтиже, яғни бизнес шығынын азайтып, логистика жеделдейді әрі инфрақұрылым шектеуі жойылмақ.

– Мұны 2-3 жыл өткен соң, нысан іске қосылғаннан кейін байқаймыз. Шикізаттық емес экспорт пен құрылыс жүргізілген өңірлердегі іскерлік белсенділік өседі деп үміттенемін, – дейді сарапшы.

Екінші көрсеткіш – жеке инвестицияны тарту. Мемлекет салған инфрақұрылым өңірдегі кәсіпкерлік деңгейін арттырып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылады.

– Салынған әрбір теңге жеке қаражатты алмастырмайды, керісінше, бизнесті жобаларға тарту керек. Егер құрылыс аяқталғаннан кейін өңірге жеке инвестор келсе, демек жоба нәтижесін беріп жатыр деп бағалаймыз, – деді Андрей Чеботарев.

Үшінші критерий – қайтарым. Сарапшының пікірінше, 5-7 жылдан кейін нысан не табыс әкелуі, не бюджет шығынын үнемдеуі керек.

– Жылдам нәтиже күтудің өзі аңғалдық, инфрақұрылым ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істейді. Дегенмен алғашқы белгілер, яғни өңірлер экономикасының жандана бастауы екі-үш жыл ішінде байқалуы тиіс. Егер үш жылдан кейін игерілген бюджеттен басқа нәтиже көрінбесе, алаңдатарлық белгі болады, – деп атап өтті қаржыгер.

Бұл мерзімдер – сарапшы ұсынған бағдар ғана, бағдарламаның ресми бекітілген көрсеткіші емес. Осы орайда мемлекет қандай нәтижені тиімді деп есептейтіні, оны қанша уақыттан кейін бағалайтыны өзекті болып отыр.

Сын: қаражат мақсатқа сай жұмсала ма?

Инфрақұрылымды қаржыландыру бақылауды күшейтетіні анық. Құрылысқа неғұрлым көп қаражат бөлінсе, жобаларды кім таңдайтыны, олардың құны қалай есептелетіні, сараптаманы кім жүргізетіні, тіпті нәтижеге кім жауап беретіні соғұрлым маңызды.

Ұлттық экономика министрлігінің Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабынан ұққанымыз, жаңа Бюджет кодексі Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу тетігін едәуір қатаңдатып, егжей-тегжейін реттейді екен.

– Мұндай қаражатты тек аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар, әлеуметтік-экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға және балама қаржыландыру көзі болмаған жағдайда ғана бағыттауға болады. Жобалар мен оларды қаржыландыру көлемі Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесінің ұсынысын ескере отырып айқындалады және Президент Жарлығымен бекітіледі, – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Сондай-ақ Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобалар мемлекеттік инвестициялық жобалар құрамына енгізілгені көрсетілген. Демек «Халықтық құрылыс» кезінде бюджеттік инвестициялық жобаларға қолданылатын сараптама әдістемесі пайдаланылады.

Бірақ аталған қадам жобалардың тиімділігіне қатысты мәселені толық шешеді деп айту тым ерте. Кейде ресми мақұлданған жобаның өзі құрылыс құнының қымбаттауына, мерзімнің кешігуіне тап келуі мүмкін. Ол аздай, құрылыс аяқталған шақта дайын нысанға сұраныс болмай қалуы ғажап емес.

Осыны ескерткен қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бақылау қаражат бөлінгенге дейін басталуы керек деген ойда.

– Ең үлкен тәуекел – бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы. Бұл – ең алдымен шешілуі тиіс практикалық мәселе. Біріншіден, жобалар белгілі экономикалық критерийлер бойынша, тиісті адамдарға жақындығына қарай емес, ашық таңдалуы керек. Әр жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі есептеліп, қаражат бөлінгенге дейін тәуелсіз сараптамадан өтуі қажет – одан кейін емес, – дейді сарапшы.

Қаржыгер жоба есебі ашық болуын құптады.

– Қоғам қаржы бөлінген барлық жобаның тізімін, бөлінген қаражат көлемін, мерзімі мен нәтижесін жыл сайын жаңарып отыратын ашық дереккөзден көре алуы керек. Қаражаттың игерілуі туралы баспасөз хабарламасы емес, нақты сандар қажет: қанша қаражат салынды және одан қандай нәтиже болды. Үшіншіден, тәуелсіз аудит жүргізіліп, оның нәтижесі жариялануы тиіс, – деді Андрей Чеботарев.

Дәл осындай жария есептілік жобаның түпкілікті нәтижеге жеткен-жетпегенін түсінуге мүмкіндік береді. Әрбір жол, электр станциясы, сумен жабдықтау жүйесі, әлеуметтік нысан бойынша бәрі ашық болуы қажет. Жоба құны, құрылыс мерзімі, мердігері мен тиімділік көрсеткіші ашық дереккөзге орналастырылуы шарт. Әйтпесе есеп бюджеттің қанша пайызы игерілгенімен ғана шектелуі мүмкін.

құрылыс
Фото: Kazinform/ЖИ

Азаматтардың өміріне қалай әсер етеді?

Жұмсалған қаражат пен қоғамға тиген нақты пайда – екі бөлек ұғым. Сол себепті азаматтар үшін бағдарламаның нәтижесі бөлінген триллиондардың көлемімен емес, күнделікті өмірдегі өзгеріспен өлшенеді. Мысалы, коммуналдық желілердегі апат азайса, су, жылу және электр энергиясындағы іркіліс кемісе, оң нәтиже берді деген сөз. Заманауи жолдар көлік қатынасын жеңілдетіп, шығындарын төмендетсе, пайда бар. Жаңа әлеуметтік нысандар білім алу, медициналық көмек, спорт және мәдениет бағытын дамытса, ойдағы жоспар орындалды.

Жанама пайданы да айта кетейік. Егер инфрақұрылым өндірісті іске қосуға мүмкіндік берсе, өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, іскерлік белсенділік пен салық түсімдері артуы мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада бұл экономиканың шикізат кірісіне тәуелділігін азайтуға көмек. Оның үстіне мемлекет келешекте әлеуметтік жобаларды көбірек қаржыландыра алады.

Ерсін– Пайда халыққа екі жолмен жетеді. Біріншісі – тікелей пайда: құрылыс алаңдарында және жаңа өндірісте жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар қолжетімді инфрақұрылым дамып, жаңа жол, жарық, су мен жылу жетеді. Екіншісі – жанама пайда. Егер инвестиция шынымен экономиканы дамытса, жалақы өседі, салық базасы кеңейеді. Қарыз алмай-ақ бюджет есебінен мектептер мен ауруханаларды салуға болады, – дейді Андрей Чеботарев.

Сарапшының пікірінше, егер мердігерлер сметаны негізсіз қымбаттатып көрсеткен жағдайда жобаның келешегі күмәнді. Сапасыз біткен істің салдарынан тұрғындар өмір сүру жағдайының жақсарғанын сезінбеуі мүмкін, ондай кезде бағдарлама өзінің қоғамдық мақсатына жете алмайды. Сондықтан ашықтық – бюрократиялық талап емес, халық қаражаты тұрғындардың игілігіне жұмсалғанын бағалаудың төте тәсілі.

6,5 трлн теңгелік бағдарламаның экономикалық негізі бар, әрине. Қор қаржысының бір бөлігін ондаған жыл бойы қызмет ететін инфрақұрылым қалыптастыруға бағыттау жөн іс. Дегенмен инвестициялар бюджетті толықтырумен шектелмей, ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруы керек.