Халқымыздың мұрасы мен рухани байлығы цифрлық кеңістікте сақталуы тиіс — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды.
Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті күтіп тұрғанын еске салды.
— Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын, — дейді Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында.
Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, архив және музей қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет.
— Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді. Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән беру керегі айтылды.
— Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес, — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
https://kaz.inform.kz/news/memleket-basshisi-ana-tl-maseles-memlekettk-sayasi-zhane-ulttik-manizi-bar-takir-98bcb029/
Бұған дейін Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтты.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.