Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған, ең тұрақты қоғам - Н. Назарбаев

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған, ең тұрақты қоғам. Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан судьялар одағының 6-ы съезі барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған, ең тұрақты қоғам - Н. Назарбаев
«Қазақта: «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету - кез келген судьяның қасиетті парызы. Бұл үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал әрі әділ болуы керек. «Қазы - халықтың ожданы» дейді. Ол қара қылды қақ жаратын болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді, айыпкер де заң бұзғанда зауал бар екенін түсінеді. Біз - Мәңгілік ел боламыз деп кемел мемлекетті көздеген халықпыз. Тарихымызда тұңғыш рет тәуелсіздік алып, өз жолымызды межелеп, өз болашағымызға ұмтылған елміз. Ал сот төрелігінің әділдігі мен оның шешімінің толыққанды орындалуы кез келген елдің кемел болмысы болып саналады», - деді Елбасы. Бұл ретте Мемлекет басшысы сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес екенін, оны үздіксіз жетілдіріп отырудың қажеттігін айтып, осы бағытта жұмыстың жалғасатынына да тоқталды. «Судьялардан әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі. Халықтың да мемлекеттің де талабы осы. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған, ең тұрақты қоғам. Біздің мақсатымыз да дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан -2050» стратегиясының басты межелерінің бірі де осы. Ендеше, айқын міндет пен белгілі бағыт бойынша өздеріңізге жүктелген міндетпен адал қызмет ететіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ қызмет пен әділ төрелік әр уақытта серік болсын», - деді Н. Назарбаев.