Халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор болды - Бас мүфти

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор болды - Бас мүфти

«Елімізде шуақты көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесімен басталады. Баршаңызды бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға құт-береке, бақыт пен табыс тілеймін. Адамгершілік пен имандылықты өмірінің қазығы еткен халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор болды», - деді ҚМДБ төрағасы видеоүндеуде.

Осы орайда Бас мүфти тағдыр тауқыметін тартып, зобалаң замандарда қазақ жеріне пана іздеп келген түрлі ұлт пен дін өкілдерін бауырына басып, барымен бөліскен ата-бабаларымыздың бұл жақсылығы ұрпақ үшін мәңгі өнеге екенін атап өтті.

«Ендеше, жақсылықты жадымыздан шығармау – адамдық іс... Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі амалдарының бірі екенін анық аңғарамыз. Өйткені хадистердің бірінде: «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені» делінген», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

«Ұланғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған бабаларымызға, мейірімін төгіп, сәби кезімізден мәпелеп өсірген ата-анамызға, қамқор болған ағайын-туысқа алғыс айтамыз. Мен осы ретте сындарлы сәтте халыққа қамқор болған ел қамындағы азаматтарға, дәрігерлерге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына, қайырымдылық акцияларына қолдау көрсеткен жомарт жандарға айрықша алғысымды білдіремін. Сондай-ақ діни рәсімдерге шектеу қойылған сәтте бір үйдің баласындай бірлігін танытқан жамағатқа риясыз ризалық ниетімді жеткіземін. Баршаңызға мың алғыс! Алла Тағала еліміз бен жерімізді түрлі сынақтан сақтап, халқымызды аман еткей. Деніміз қуатты, әр күніміз шуақты болғай! Әмин!», - деді ҚМДБ төрағасы.