Халқымыздың шежіресін ДНҚ арқылы ғылыми түрде дәлелдеуге мүмкіндік туып отыр - Н. Баймұханов
АЛМАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ - генеалогиялық жағынан бай халық. Бұл туралы «Shejire DNA» ДНҚ-генеалогиялық ғылыми орталығының директоры Нұрбол Баймұханов бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
«Қазақ халқында әр тектің өзінің генеалогиялық эталоны бар. Қазір әрбір адам өзінің ата-бабаларымен тектік байланысын 99,9 пайызға дейін дәлелдей алады. Бұл генетика ғылымының арқасында жүзеге асып отыр. Мұндай зерттеу бізге шынайы тарихымызды қалпына келтіру үшін керек. Әсіресе, мұрағаттар үнсіз қалған кезде ДНҚ арқылы оны қалпына келтірудің маңызы өте зор болып отыр», - дейді Н. Баймұханов. Нұрбол Болатұлының айтуынша, қазір халқымыздың атадан-балаға жалғасып келе жатқан шежіресін ДНҚ арқылы ғылыми түрде дәлелдеуге мүмкіндік туып отыр. «Біз бұл жобамыздың келесі кезеңінде еліміздің медициналық картасын жасауға қол жеткізбекпіз. Өйткені генеалогиялық зерттеу арқылы адамдардың қандай аурумен ауырғанын анықтауға болады. Егер қай өңірдің тұрғындарында қандай ауру жиі кездесетінін анықтайтын болсақ, оның халық денсаулығын сақтаудағы маңызы өте зор болмақ. Жалпы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған сүйектерге бірінші зерттеуді биологтар жасауы тиіс. Өйткені археологиялық зерттеу кезінде ондағы кейбір ДНҚ белгілері бүлініп, жойылып кету мүмкіндігі өте жоғары. Әзірге сүйекке зерттеу жүргізетін арнайы зертхана Австралияда ғана бар», - деп айтып өтті Нұрбол Болатұлы.