Халқымыздың тарихы, этнографиясы мен өнеріне қатысты 5 мыңға жуық бұрын белгісіз болып келген қолжазбалар мен мерзімді басылымдар табылып, сатып әкелінді
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат. Бүгін Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Бейбітшілік және келісім сарайында «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Отырысқа бірқатар министрліктер мен ведомствалардың басшылары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, ғылым, мәдениет және өнер салаларының белгілі қайраткерлері қатысты.
- Тәуелсіздіктің 20 жылдығының қарсаңында Мемлекет басшысының сегіз жыл бұрынғы бастамасымен іске асырыла бастаған «Мәдени мұра» бағдарламасының қорытынды отырысын өткізуіміздің мәні зор деп білемін. Жаһандық қаржылық дағдарыстарға, мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы қиын-қыстау жылдарға қарамастан, халықтың рухани дамуы мен тарихи санасын жаңғырту ісі Елбасының ұдайы қамқорлығы мен назарында болды. Сондықтан Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылығымен тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы зор табыстарымен қатар халықтың мәдени өрлеуі мен рухани жаңғыруындағы жетістіктер шын мәнінде мақтан тұтуға лайық,- деп атап көрсетті Қ.Саудабаев отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде.
2004-2011 жылдары 93 тарихи және мәдени нысандар жөнделіп, оның 73-і толық жөндеуден өткізілді. Осы кезеңде мазмұнымен және полиграфиялық сапасымен ерекшеленетін ондаған кітап сериялары жарық көрді. Мәдени және тарихи ескерткіштер аумағында 37 археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 33 қолданбалы ғылыми зерттеулер табысты аяқталды. Алыс және жақын шетелдердің мұрағаттарынан халқымыздың тарихы, этнографиясы мен өнеріне қатысты 5 мыңға жуық бұрын белгісіз болып келген қолжазбалар мен мерзімді басылымдар табылып, сатып әкелінді.
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысының күн тәртібінің аясында археологиялық экспонаттардан және «Мәдени мұра» сериясымен жарық көрген кітаптардың үлкен көрмесі ұйымдастырылды. «Мәдени мұра» және «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» интернет-порталдарының тұсаукесері өтті.