«Халқына - бегi, бегi халқына сенген ел алға басады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Халқына - бегi, бегi халқына сенген ел алға басады» - баспасөзге шолу

***

Қазақ хан­ды­ғының тарихи бастауы ал­ты ғасырға жуық кезеңді қамтиды деп байлам жасап, тұжырымға келуіміздің үлкен саяси-қоғамдық мәні мен мағынасы бар. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған мақаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов мәлiм еттi.

«Себебі, бүгінде әлемді мойындатқан, өзінің жетістіктерімен дос­ты қуантып, дұшпанды күйінткен Қазақ елінің өт­кен тарихы, қайнар көзі, оның мемлекеттілігінің бас­тауы, кешегісі, бүгінгісі, бола­шағы тек өзімізді ғана қы­зық­тырмай, сырттан қызыға, кейде қызғана қарайтындар үшін де нысанада тұрғанын жасырмаймыз. Сондықтан да біздің мемлекетіміздің тамыры ғасырлар қой­нау­ында жатқанын, оның әлем­дік өркениетпен ұштаса­тындығын айқындап, ай­шық­тап көрсету кейбір «қазақ­тарда бұрын мемлекет бол­маған» деп кереғар, біржақты пікір айтушылардың аузына қақпақ болып, ел намысын, қазақтың болмысын қорғауға мүмкіндік беретіні даусыз», - деп атап өттi ғалым «Елдіктің тарихи маңызы жас ұрпақтың санасында» атты мақаласында.

«Міне, осындай ел болып, қоғам болып толағай толқынысты біл­діретін тіршілікке біз­дің болашағымыз - жас жеткін­шектердің де тікелей араласып, қуанып, өздерінің шынайы пәк көңілдерін білдіріп жатқаны қандай ғанибет», - делiнген мақалада.

«Егемен Қазақстан» газетiнің хабарлауынша, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді қолдайды.

«Қазақстан үшін адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті интеллектуалды әлеуетті қалыптастыру жолындағы стратегиялық жобалардың бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы. Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында мыңдаған қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алды, армандарына қол жеткізді, кәсіби тұрғыда өсіп-өніп, білімі мен тәжірибесіне сүйене Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосты», - дейдi мақала авторы. - Бүгінгі күні сол «болашақтықтар» әлемнің әр қиырынан Елбасының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында жазылған еліміздің жан-жақты даму бағытына қолдау көрсетіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын құптайды.

***

Қазақстан Президентінің сайлауын биыл өткізу туралы бастама ел Парламентінің қос палатасының да мақұлдауына ие болды, деп жазады " Айқын" бүгiнгi санында жарияланған "Халқына - бегi, бегi халқына сенген ел алға басады" атты мақалада.

Газеттiң жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында ҚХА Кеңесінің 2015 жылғы 14 ақпандағы тиісті Үндеуіне қолдау білдіру туралы Қаулы қабылданды. Осыдан кейін сенаторлар рәсім бойынша Ассамблеяның «Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдау жөніндегі» өтінішпен Елбасыға Үндеу жолдады.

"Дер кезінде көтерілген бұл бастаманың әлемде орын алып отырған шиеленістер мен жа­һандық экономикадағы тұрақсыздық жағ­дайында еліміздің дамыған елдер қатарына кіруін көздейтін «Қазақстан - 2050» страте­гиясын, Мәңгілік ел тұжырымдамасын және «Нұрлы жол» бағдарламасын қамтамасыз ету­дегі маңыздылығы даусыз. Барша қазақстан­дықтар кеңінен қолдау көрсеткен бұл ұсыныс­тың ел бірлігі мен ынтымағын арттырып, ішкі саяси тұрақтылығын сақтап қалудағы орны ерекше болмақ", - деді Қ.Тоқаев", - делiнген мақалада.

Кеше Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республика­лық бюджетті» түзетуді қарастыратын жаңа жобаның тұсаукесері өткен болатын. Оның барысында Үкімет мүше­лері «Нұрлы жол» бағдарламасының қанша көлемде және қа­лай қаржыландырылатынын түсіндірді. " Айқын" газетiнiң « Нұрлы жол» соны серпін бередi» атты тақырыппен шыққан келесi материалында осыған жете тоқталады.

"Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, қайта қаралған үш жылдық бюд­жет «мұнай баррелінің бағасы 50 доллар болады деген болжамға» негізделіп, түзіліп отыр. Сондық­тан оның шығыс бөлігін азайтуға тура келген. Бір ғажабы, осының арқасында ел қазынасы ба­сы­ артық көптеген шығындардың ауыртпалығынан арылып отыр. Мәселен, мемлекеттік органдар мен оларға қарасты ұйымдардағы шенеуніктердің іссапарлық (ко­мандировочный) және әкімшілік шығыстары 103 миллиард теңгеге кемітілді. Оның ішінде кө­лік, техника, кеңсе заттарын алуға, материалдық-техникалық жа­рақтандыруға және ғима­раттары мен кабинеттеріне күр­делі жөндеу жүргізуге жоспар­ланған 53 мил­лиард теңге басқа маңызды ша­раларға бағытталды. Респуб­ли­калық бюджет шығыс­тары осы­­лайша, жалпы алғанда, 9 па­йызға оңтайландырылды", - делiнедi мақалада.

***

"Түркiстан" газетi Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуiнде көтерiлген өзектi мәселелерге тоқталып өткен.

Басқосуда Қазақ елінің басқа мемлекеттермен ұстанатын саяси қағидалары, дипломатиялық ынтымақтастық, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту, Украинадағы қарулы қақтығыстарды тоқтату, ондағы ширыққан саяси ахуалды тұрақтандыру, Қазақстан үшін маңызды мерекелерді тойлау сияқты басқа да маңызды тақырыптар қаузалған болатын.

Өркениетаралық және дінаралық татулықты дамытуға Қазақстанның үлес қосып отырғанын айтқан Елбасы: «Біздің бастамамызбен өткізілген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы халықаралық тұрғыдан мойындалған келіссөздер алаңына айналды. Біз сіздердің мемлекеттер делегация­ларын үстіміздегі жылдың маусымында Астанада ұйымдастырылатын Бесінші Құрылтайға шақырамыз. Биыл әлемдік қоғамдастық Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығын, Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығын және жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясының 25 жылдығын атап өтеді. Осы мерейтойлық даталар қазіргі заманғы халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал жөнінде терең ойлануға және ашық сөйлесуге себеп болуға тиіс», - деп мәлімдеді.

«Украинаның оңтүстік-шығысында болған қарулы қақтығыстар салдарынан 5 мыңнан астам адамның ажал құшқанын еске салған Елбасы ол жақтағы ахуалдың тез арада тұрақтануын қалайды: «Украинадағы шиеленістің ушығып кететінін, жазықсыз жандардың қаза табатынын ешкім күткен жоқ. Бұл украин халқының үлкен қасіреті. Қазақстан бұл дағдарыстың шешу жолдарын табуға белсене атсалысты және алдағы уақытта да атсалыса береді. Бұл ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс». Елбасының дипломаттармен кездесуінде көтерілген өзге де әлемдік деңгейдегі көкейкесті мәселелер жайлы «Қазақстан теңдiктi жақтайды» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

***

Ресми тiлде жарияланатын "Экспресс К" басылымы «ұйқы ауылы» Калачиге қатысты «Призраки жизни» атты мақала ұсынып отыр.

"Ақмола облысындағы «ұйқы ауылы» Калачи жазға жақын көзден бұлбұл ұшуы ықтимал. Қазiрдiң өзiнде ол жерден жұрт үдере көшiп, үйлерiн тастап кетiп жатыр", - деп хабарлайды газет тілшісі.

"Бiрақ Калачи ауылының барлық тұрғындары көшуге дайын емес болып шықты. 218 отбасының 124-i ғана өзге жерге қоныс тебуге рұқсат берiптi. 26 жанұя көршi аудандарға көшкен, оларға баспана мен ауыл шаруашылық құрылымдарынан көтерме қаражаттар берiлген.

- Адамдар жай-жай көше бастады, бас дәрiгер, мектеп директоры қоныс аударды, - дейдi жергiлiктi тұрғын Наталья Баяринова. - Бiздiң де көшкiмiз келедi, бiрақ өтемақы мен көтерме төлемақылар төленбейдi, баспана беретiн талаптары қисынға келмейдi. Көшкендер жаңа орында бiрнеше жыл тұруға мiндеттеме алыпты. Сол кезде ғана оларға жаңа үй бередi екен.

Дегенмен Калачи тұрғ­ындарын әбiгерге салған «ұйқы» ауруына не себеп болғаны әлi анықталған жоқ. - Нақты себебiн бiз әлi күнге дейiн естiген жоқпыз, ауылда Курчатов орталығынан мамандар жұмыс жасауда, зерттеу жасап жатыр, - дейдi ол.

- Ауыл көп ұзамай жабылады. Мұғалiмдер мен дәрiгерлер кетiп қалды. Мектеп пен медпункт жабылады, жазға қарай мұнда ешкiм қалмайтын да шығар.