Халық арасында ойын-сауық орталықтарына сенімсіздік пайда болды - MEGA орталықтарының басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - MEGA сауда және ойын-сауық орталықтары желісі формальды қауіпсіздік талаптарын сақтаумен шектеліп қалмай, өз стандарттарын енгізеді. Бұл туралы Astana Group компаниялар тобының иесі Нұрлан Смағұлов «MEGA Silk Way» ойын-сауық орталығында өткен жиналыста мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуде Кемерово қаласындағы қайғылы оқиғаға қатысты MEGA орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі талқыланды.
«Біз Алматы және Астана ТЖ депаратменттерімен қол қою үшін меморандумдар әзірлеп қойдық. Өз тарапымыздан аталған меморандумдарға қол қойып, ТЖ депаратменттеріне жібердік. Бірақ, ТЖД - әскерилендірілген құрылым, олар жайдан-жай шешім қабылдай салмайды, оларға уақыт керек. Бұл құжатта сауда үйлерін жоспардан тыс тексеруді жылына бір рет қана емес, қажет болса кез келген уақытта жүргізуді ұсынып отырмыз. Бізге бір ай бұрын ескертіп, дайындалуға уақыт берудің де қажеті жоқ. Тексеру нағыз жоспардан тыс болуы керек, апат айтып келмейді. Бұл біздің бастамамыз. Оны өзге де сауда орындары мен қоғамдық орындар қолдайды деп үміттенемін», - деді Нұрлан Смағұлов.
Сонымен бірге, Н. Смағұлов қоғам белсенділері мен блогерлердің әлеуметтік желідегі сын-пікірлеріне қатысты жауап берді.
«Менің қазіргі міндетім - сауда үйлеріне қатысты алаңдаушылықты сейілту деп есептеймін. Әрине, бұл дау да көп ұзамай басылады. Сын-пікір айтып жүрген қоғам белсенділерімен және блогерлермен сөз таластырғанша, әділ жұмыс істеп, барлығын іспен көрсетуді қалаймын», - деп өз сөзін жалғастырды Н. Смағұлов.
Оның айтуынша, бизнес-қауымдастық үнемі қарсы болып келген жоспардан тыс тексерулерге келісім беру шешімі қазір ауадай қажет. Себебі, халық арасында сауда, ойын-сауық орталықтарына деген сенімсіздік пайда болды.
Н. Смағұлов тексерушілер тарапынан қысымның көбеймейтінін атап өтті, себебі қазір бизнес-қауымдастық айтарлықтай әлеуетті және өзін жемқорлық көріністерден сақтай алады.
Жиналыс соңында «MEGA Silk Way» ОСО басшылығы қоғам белсенділері мен журналистерге экскурсия ұйымдастырды. Атап айтқанда, оларға ғимараттың кез келген нүктесінен көрсетілген белгілер арқылы жол табуға болатынын көрсетті. «MEGA Silk Way» ғимаратында сыртқа шығатын 24 есік бар және оларды балалар қиналмай аша алады.
Сонымен бірге, нысан басшысы қауіпсіздік стандарттарына қатысты мәлімдеме жасады.
«Бүгінгі күнге дейін өртке қарсы қызметтің, құрылыс нормаларының бар талаптарын орындап келдік. Себебі, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Енді келушілерге ыңғайлы болу үшін барынша күш саламыз, алыстан көрінуі үшін нұсқаулық белгілерін ұлғайтамыз. Заң талаптарымен шектеліп қалмай, өз стандарттарымызды енгіземіз», - деді ол.