Халық арасында шығармашылық туындылар бойынша авторлық құқықты талап ету жағдайлары жиілеп келеді
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгінде Қазақстан халқы әсіресе, жастар өздерінің шығармашылық жұмыстарына деген авторлық құқықты жиі талап ете бастады. Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитеті төрағасының орынбасары Шолпан Әбдіреева мәлім етті.
Оның айтуынша, зияткерлік меншікті тіркеу жөнінде өтініш берушілер саны күн санып артып келеді. Олардың арасында ғылыми туындылар мен білім беру үдерісінде қолданылатын шығармалар бар. Әрине біреу өзінің жан-тәнін, бойындағы дарыны мен қарым-қабілетін салып, көз майын тауыса отырып, еңбектеніп жатқанда өзге біреудің оны көшіріп ала салуы өкінішті жәйт. Елімізде олармен күрес те жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда ондай адамдар азаматтық және әкімшілік жауапқа тартылады. «Бірақ, менің пайымдауымша, мұндай азаматтарға айыппұл салып, қылмыстық іс қозғағанша, оларды азаматтық жауапқа тартқан жөн», дейді Ш.Әбдіреева.
Сондай-ақ ол сөзінде өздерінің құқықтарын қорғауды мүмкіндігінше азаматтық тәртіппен жүргізген жөн екендігін, сонда ғана айыпты азаматтан тиісті көлемде қаржы өнідіріп алуға болатындығын атап көрсетті.
Ш.Әбдірееваның мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылдың 9 айында әділет органдары 660 тексеру шараларын жүргізіп, 266 әкімшілік іс қозғап, 226 адамды әкімшілік жауапқа тартқан. Сондай-ақ тағы 68 қылмыстық іс қозғалған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге көп болып отыр.