Халық Банк Қазақстанның валюта айырбастау операциялары нарығындағы көшбасшы танылды
АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - «Global Finance» беделді халықаралық қаржы басылымының мәліметіне сәйкес,
«Қазақстан Халық банкі» АҚ «Қазақстандағы валюта айырбастау операцияларының нарығында қызмет көрсетуші үздік провайдер - 2013» («Best Foreign Exchange Provider Kazakhstan 2013») аталымы бойынша үшінші жыл қатарынан жеңімпаз деп танылды, деп хабарлады банктің баспасөз қызметінен.
«Global Finance» халықаралық басылымы эксклюзивті зерттеулер арқылы түрлі елдер мен өңірлерде әртүрлі санаттар бойынша «валюта айырбастау операцияларының нарығында қызмет көрсетуші үздік провайдерлерді» анықтады, оның нәтижесі журналдың қаңтар айындағы санында жарияланады.
Аталған басылымның салалық талдаушылардан, компания басшыларынан және техникалық сарапшылардан құралған сарапшылық тобы дүниежүзінің 97 еліндегі және өңіріндегі үздік провайдерді таңдап алды. Таңдау жасау кезінде клиенттер жүргізетін транзакциялардың, сондай-ақ банкаралық және биржалық транзакциялар ауқымы, нарықтағы үлесі, клиенттерге қызмет көрсетудің деңгейі, қызмет сапасы, бағалық бәсекелестік және инновациялық технологияларды енгізу деңгейі сияқты критерийлер ескерілді.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев «халықаралық сарапшылар тарапынан берілген жоғары бағаның маңызы зор», екендігін атап өтті. «Осыған орай бұл жетістікке біз клиенттеріміздің көрсеткен қолдауы арқылы қол жеткізгенімізді атап айтқымыз келеді, өйткені олар жылдар бойы Халық банкіне сенім артып, оның қазынашылық өнімдеріне басымдық беруде. Сондықтан біз клиенттеріміз бен серіктестеріміздің барлығына шынайы алғысымызды білдіреміз», - деді ол өз сөзінде.