Халық банкі қанша адамның төлем карталары бұғатталғанын мәлімдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін сайтымызда жарияланған «Halyk bank» төлем карталарын бұғаттауға қатысты ақпаратқа сәйкес «Қазақстан халық банкі» АҚ қосымша мәлімет таратты. Онда ықтимал алаяқтық операция жасалуы мүмкін деген күдікпен тек 48 төлем картасы бұғатталғаны айтылады.

Халық банкі қанша адамның төлем карталары бұғатталғанын мәлімдеді

Елордада орналасқан бакоматтардың бірінде Банктің қауіпсіздік қызметі скимминг құрылғысын тапқан. Осыған орай банк клиенттері қаражатының қауіпсіздігін сақтау үшін сол күні аталған банкоматты пайдаланған 48 адамның төлем карталары бұғатталды.

Банк өз қаражаты есебінен скимминг қаупіне кезіккен пайдаланушылардың төлем карталарын жаңартып береді. Қалған клиенттердің карточкалары скимминг қаупі жоқ болуына байланысты қайта жаңартылмайды.

Скимминг - жоғары технологиялы, сол үшін де қауіпті, банкоматтарда кеңінен таралған төлем карталарына қатысты алаяқтықтың түрі. Алаяқтар электрондық құрылғыны пайдаланып, төлем карталарының ақпаратын, жеке кодтарын ұрлайды.