Халық банкі Казкомды неден құтқарды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Халық банкі» АҚ алғашқы жартыжылдықтағы қаржылық есебін жариялады.
None
None

Оның ішінде банкте орын алған биылғы басты оқиға - Казкоммерцбанкті сатып алу бойынша мәміленің аяқталғаны туралы да тілге тиек етілді.

«Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова егер «Казкоммерцбанкті» Халық банкі сатып алмаған жағдайда мемлекеттің қандай шығынға бататындығын айтты.

«2015 жылы-ақ «Казкоммерцбанктің» капиталы шығында болатын. 2016 жылы Кеңес Рақышев Ұлттық банкке жүгінді.

Ұлттық банк 400 млрд теңге көлемінде тұрақтандыру қарызын берді. Сонда да банкте кері ақша ағымы қалыптасты. Сондықтан,  сол кездегі басқарма төрағасы Кеңес Рақышев банкті сатып алып сауықтыратын инвестор іздеуді ұсынды. Мемлекет алдында «Казкомды» құтқарудың 3 сценарийі қалыптасты. Банкрот болу, мемлекет меншігіне өту, стратегиялық инвестор тауып сауықтандыру», - деді ол.

Үміт Шаяхметованың айтуынша, алдыңғы екі сценарий мемлекет үшін өте қымбатқа түсетін еді.

«Қазір мемлекет банкті сауықтыруға 2,4 трлн бөлді дедік қой. Егер мемлекет меншігіне өткен жағдайда бұл шығын 2,4 трлн-нан  асып кетер еді. Себебі, 2017 жылдың 1 қаңтарында жеке тұлғалардың 1,5 трлн көлеміндегі депозиті, ұлттық компаниялардың 1,5 трлн теңге көлеміндегі депозиті бар еді. Оның үстіне Ұлттық банктің салған 400 млрд теңгесі бар. Сонымен қатар, БЖЗҚ 400 млрд теңге көлемінде инвестициясы бар еді. Жалпы алғанда сыртқы қарыз сомасы 2 млрд доллардан асты. Осы пассив қарыздың бәрі мемлекеттің иығына түсетін еді. Осы қарыздың барлығын мемлекет төлеуге тиіс болатын еді. Осы масштабты түсініп барып, үшінші нұсқа қабылданды», - деді Үміт Шаяхметова.

Банк басқармасы төрайымының айтуынша, қазіргі таңда ҚР Ұлттық банкі «Казкоммерцбанк» АҚ сауықтырудың арнайы стратегиясын жасап жатыр.

«2,4 трлн теңгеге БТА банкінің проблемалық несиелері сатылып алынды. Бұл қаржының 1 трлн теңгесін Казком бюджетке қайтарды. 800 млрд теңгесін Ұлттық банктің тұрақтандыру қорына жіберді. Оның 200 млрд теңгесі репо-операцияларға бағытталды. Казкомның өзінде қазір 500 млрд теңге көлемінде ликвидтілік қалды.

Барлық кредиторлар сақталды. Келісімдік қатынастар әлі күшінде. Бұл жерде ең басты шығынға батқандар банктің акционерлері еді. Олар 500 млрд теңге көлемінде капиталын жоғалтты. Өздеріңіз білесіздер, Халық банкі Казком акциясын 1 теңгеден төмен бағада сатып алды», - деді ол.

«Халық банкі» АҚ «Казкоммерцбанк» АҚ-ына 185 млрд теңге көлемінде инвестиция салды.

Соңғы жаңалықтар