Халық бейбіт өмір мен тыныштық үшін дауыс берді - Ауған соғысының ардагерлері
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Елімізде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында халық бейбіт өмір мен тыныштық үшін дауыс берді.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ауған соғысының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Бақытбек Смағұл осылай айтты.
«Біз, ауған соғысының ардагерлері, елдегі тыныштық пен бейбіт өмірдің құнын жақсы білеміз. Қоғамдық тұрақсыздық пен сұрапыл соғыс жылдарындағы өмірді көрген бізбен қатарлас және біздің алдымыздағы аға буын өкілдері тәуелсіз 20 жылдың ішінде Қазақстан жерінде орнаған татулық пен ынтымаққа толы бүгінгі күндердің қандай еңбекпен берілгенін түсінеді. Осы бейбіт күндерге біз Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде қол жеткіздік. Сондықтан елімізде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында халық бейбіт өмір мен тыныштық үшін дауыс берді деп білеміз», - дейді Б.Смағұл.