Халық ең көп шағымданатын қызмет түрлері белгілі болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұтынушылардың 45,9%-ының медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмайды. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитет мамандары тұтынушылар арасында көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындыларын жариялады. 2020 жылғы шілде мен қазан аралығында жүрген сауалнама сауда мен қызметтің 20 саласын қамтыған.
Жауап бергендердің 67% пайызы тұтынушылардың құқығы салыстырмалы түрде қорғалады деген баға берген.
Ал әлеуметтік саладағы қызмет түрлерінің сапасына шағым айтушылар көп.
«Бұл тізімде медициналық қызметтер «көш бастап» тұр. Тұтынушылардың 45,9%-ы көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттанбайды. Сұрақтарға жауап берген тұтынушылардың 43,2%-ы теміржол көлігінің қызметтеріне қанағаттанбаған. Қалааралық немесе халықаралық автомобиль көлігінің, оның ішінде таксидің қызметтеріне тұтынушылардың 42%ы қанағаттанбаған. Білім беру орталықтарының қызметтеріне сұралған тұтынушылардың 41,6% қанағаттанбаған. Сапасы сынға ұшырайтын қызметтердің бестігін байланыс қызметі түйіндеп тұр. Сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың 35,9%-ы байланыс сапасы талапқа сай емес деген пікір білдірген», - деп жазылған комитеттің ресми мәліметінде.