11:04, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Халық қаһарманы», Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетовтың өмірлік жолы- әрбір жас сарбазға үлгі
АЛМАТЫ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Егемен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры және «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов биыл өзінің 85 жылдығын атап өтеді. Еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағын ол республикамызда бірінші болып алды.
Бұл атақ Отан алдындағы ерен еңбегі, еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы азаматтық және жауынгерлік ерлігі үшін беріледі. «Халық қаһарманы» атағымен бірге ерекше айырым белгісі - Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені қоса табыс етіледі. Бүгінде Қазақстанда бұл наградаға 20-дан астам адам ие. НҰРМАҒАМБЕТОВ Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы мамыр айында қазіргі Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қосым ауылында дүниеге келген. Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы. 1943 жылы сәуірде Кушка қаласындағы Түркістан пулемет учлищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украина және 1-ші Белорус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-58 жылдары мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-61 жылдары мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962 - 69 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1969- 89 жылдары Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары болды. 1991 - 92 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992- 95 жылдары Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, 1995 ? 96 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы Күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. Генерал Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы. С.Нұрмағамбетов, сондай-ақ Ленин, екі Қызыл жұлдыз, 1, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, "Құрмет белгісі", Октябрь революиясы, екі Еңбек Қызыл ту, «Отан» ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден-медальдарымен марапатталған. С.Нұрмағамбетов өз сұхбаттарында, қазақстандық армияның үлкен жолды жүріп өткенін бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Оның қалыптасу үрдісі өте қиын жағдайда жүзеге асқан. «Бізде кадр да, тәжірибе де болған жоқ. Егемен Қазақстанның армиясы қандай болу керектігі туралы да түсінік болмады. Жұмыс көп еді және оларды қысқа мерзімнің ішінде атқару керек болды. Біздер бәрін еңсердік және бүгінде Қазақстан армиясы ? жас та, күшті», дейді ардагер.
Бүгінде генерал С.Нұрмағамбетов негізінен қоғамдық жұмыспен айналысады, жас офицерлермен және Отанымыздың болашақ қорғаушыларымен кездесулер өткізеді. Қолбасшы өзінің кезекті кітабын Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай жазған болатын. Биыл 85 жасқа келетіндігіне қарамастан, генерал әлі де қатарда, әлі де белсенді, еліміздің өскелең жас ұрпағын патриоттық тұрғыда тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып отыр. Астанада 1999 жылы ашылған «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебі генерал С.Нұрмағамбетовтың атында. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі жыл сайын осынау оқу орнының жаңа оқу жылын ашып беруді өзінің парызы санайды.