Халық қалаулылары өздеріне жүктелген жауапкершілікті айқын сезінетін кез келді - Б.Жанәділов

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Халық қалаулылары өздеріне жүктелген жауапкершілікті айқын сезінетін кез келді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов айтты.

Халық қалаулылары өздеріне жүктелген жауапкершілікті айқын сезінетін кез келді - Б.Жанәділов

Оның айтуынша, елімізде билік өкілеттіктерін бөлісу реформасы дер кезінде қолға алынып отыр. 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуының келесі белесіне дер кезінде жол ашып берді. Расында да бізге беделді Парламент, халыққа есеп беріп отыратын Үкімет керек. Саяси реформа халықтың талқылауына ұсынылып отыр. Бұл демократиялық жолды таңдаған ел үшін маңызды қадам.

Шынын айту керек, біз бұл Үндеуді мұқият зерделеп, ой елегінен өткіздік. Ой елегі ғана емес, жүрек тебіренісі, келешек күндерге деген жауапкершіліктің биік жотасынан бағамдау деп айтсақ та болар. Иə, заман дидары өзгеруге тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік басқару жүйесін де түбегейлі жаңғыртатын кездің келгені деп түсінуге тиіспіз. Мұның өзі ең алдымен жалпақ жұрттың мүддесі, зымыран заманның айқын талабы, сонымен бірге, айналып келгенде келер ұрпақтың келешегін ойлау деп айтуға əбден болады. Меніңше осы реформа аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі барынша күшейеді. Тиісінше Министрлер кабинеті өз жауапкершілігін арттыра түседі. Қарапайым тілмен айтқанда биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді», дейді Б.Жанәділов.

Сонымен қатар, ол дүниежүзінде орын алып отырған саяси, экономикалық дағдарыс кезінде ел билігі елдегі нақты жағдайды көзбен көріп дұрыс шешім қабылдауға біртабан жақындайтынын айтуда.

«Бүгін əлем ұлы өзгерістер үдерісінде. Сондықтан да жаңаша шешім, соны жүйе қажет-ақ. Мемлекет басшысы ендігі арада сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғанысын нығайтуға күш-жігерін жұмылдырады. Осы орайда, Үкімет пен Парламенттің рөлі нығая түседі. Әсіресе, халық қалаулылары өздеріне жүктелген жауапкершілікті айқын сезінетін уақыт келді», деп сөзін қорытты кейіпкеріміз.