Халық қалаулылары үміт артады - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Халық қалаулылары үміт артады - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Парламент Сенаты өзінің жаңа жылдан кейінгі алғашқы жалпы отырысын өткізді. Күн тәртібіне төрт мәселе шығарылса, соның барлығы дерлік қолдау тапты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» жұма күнгі нөміріндегі «Халық қалаулылары үміт артады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, отырысты ашқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «биылғы алғашқы отырысты ел тағдыры үшін ерекше маңызды мәселе - Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы бір топ депутаттың ұсынысын қараудан бастағалы отырмыз», деп аталған мәселеге ерекше тоқталды. Аталған бастаманы қолдап сөз сөйлеген сенаторлар Анатолий Башмаков, Мұхтар Алтын­баев, Александр Савченко, Юрий Цхай, Михаил Бортник, Тасбай Симамбаев, Қуаныш Айтаханов және Бақберген Досманбетов оның ел үшін қаншалықты ма­ңыз­ды екендігін жан-жақты ашып көрсетті. Нәтижесінде депутаттар Консти­туцияға Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін респуб­ликалық референдумда ұзарту мүмкіндігі көзделетін өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Прези­денттің республикалық референдум тағайындауы туралы ұсыныс­ты қолдап, Елбасына Парламент Үндеуі мен Негізгі Заңға ұсы­нылып отырған өзгерістің мәтінін мақұлдады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенаты еліміздің басты заң шығару органы депутаттарының республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін қарастыратын Президенттің ҚР Конституциясына республикалық референдум мәселесі бойынша өзгеріс енгізу жөнінде референдум тағайындау туралы ұсынысын қолдайтын қаулы қабылдады. Қаулы арқылы сондай-ақ Парламенттің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа және Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылған өзгерістерге Үндеу мәтіні мақұлданды. Онда: «Қа­зақ­стан Республикасының Парламенті Қа­зақстан Республикасы Конституциясы 54-бабы 2-тар­мағы­ның 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы және оны құ­ру­шы ретінде Сізге, Қазақстанды орнату және нығайту ісіне өл­шеу­сіз үлес қосушыға, біздің Отанымызды прогресс пен өркендеу жолымен сенімді алып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Ұлт Көшбасшысына референдумға мы­на­дай мәселе шығару арқылы: «Сіз Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Конституциясына республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзарту мүм­кіндігін қарастыратын өзгерістер енгізу туралы Заң қабылдайсыз ба?» деген республикалық референдум тағайындау туралы бастамамен шығып отыр. Біздер, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстанның барлық халқы секілді біздің еліміздің табысты болашағын тек Сізбен және Сіздің есіміңізбен байланыстырады», - делінген.

***

«Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті Ұйымның өзі үшін де, сонымен қатар Қазақстан үшін де сөзсіз маңызды оқиға болды. Астаналық кездесуде бірқатар қатысушылар арасындағы өткір пікірталас аясында Қазақстан өз төрағалығын жоғары позитивті нотада аяқтап, алға қойған мақсатын тиімді орындай алды. Біздің еліміздің осындай беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуінің өзі маңызды жетістік. Дегенмен ең маңыздысы Астана осымен ғана шектелген жоқ», деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Миссия завершена успешно» деген мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, Қазақ елі өз төрағалығы уақытын ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылмастан-ақ тыныш өткізуіне де болар еді. Өйткені өткен жылдың көктемінде Қырғызстанда орын алған қақтығыстарды реттеуге Қазақстанның өте тиімді қатысуы еліміз тарапына ешқандай талап тудырмас еді. «ЕҚЫҰ-да оқиға одан әрі қалай дамыса да Қазақстанның өз төрағалығы кезінде әзірлеген болашақтағы даму үшін тұғырнама бар», - деп жазады басылым.