Халық көп жиналатын нысандарда қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынады

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Заңнамаға енгізілген өзгертулер халық көп жиналатын нысандарда лаңкестікке қарсы қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.

Халық көп жиналатын нысандарда қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынады

Лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың Қазақстанда және шет елдерде жинақталған тәжірибесі лаңкестік әрекеттердің халық көп жиналатын орындарда жасалу қаупі туралы айтуға негіз береді. Лаңкестер мұндай зомбылық әрекеттердің көмегімен халықты дүрліктіреді және олардың арасында үрей туғызады.

Қазақстандықтардың өмірін қорғау үшін, жаңадан өзгертілген заңнамамен лаңкестік әрекеттер тұрғысынан осал нысандар деген ұғым бекітіліп отыр. Олардың қатарына сауда орталықтары, концерт залдары, спорттық, ойын-сауық нысандар, білім ошақтары және денсаулық сақтау мекемелері, қонақүйлер, т.б. кіреді.

«Лаңкестік тұрғыдан осал нысандар», «адамдар көп жиналатын нысандар» деген жаңа ұғымдар енгізіліп отыр. Лаңкестік әрекеттер тұрғысынан осал нысандарды лаңкестік қауіптерден қорғау жөніндегі типтік талаптар қолданысқа енгізіледі», -деп атап көрсетті бұған дейін ҰҚК төрағасының орынбасары Қабдолкәрім Әбдіқазымов.

ҰҚК ұсынған жаңа өзгертулерге сәйкес, жоғарыда аталған нысандарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қатаң талаптар қойылатын болады.

Жаңа Заңға Елбасы Н.Назарбаев 2013 жылы 4 ақпанда қол қойды. Атап айтқанда, ондай нысандардың басшылары тиісті өткізу режимін, объектілерге қойылатын талаптарға сәйкес оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтауды қамтамасыз етулері керек. Және қызметкерлерді үй-жайларды қарап тексеру техникасына үйрету, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу туралы талаптар міндеттелген.

Айта кететін жайт, бұл шаралар ішкі істер органдарының бақылауымен жүзеге асырылатын болады.

«Енгізілген түзетулер азаматтардың күнделікті өмірдегі қауіпсіздіктерінің деңгейлерін анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді», деп атап көрсетеді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері.