«Халық лотереяға сене ме?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 29 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Халық лотереяға сене ме?» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Алматы қаласының ең басты мәселелерінің бірі болып отырған көлік қатынастарын реттейтін жолайрық құрылысының жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы, аталған нысанды салып жатқан жобалаушы және мердігер компаниялардың атқарып жатқан ісіне оң бағасын берді.

- Аймақтарды аралағанда, оның ішінде Алматы қаласында болған кезімде мен қайтадан салынып жатқан көліктік және әлеуметтік нысандардың құрылыстарымен танысып отырамын. Мұндай құрылыстар халқымыздың тұрмысы мен қалаларымыздың дамуына ерекше үлес қосары анық. Осындай жолайрықтар мен жаяу жүргінші жолдары - Алматы қаласындағы көлік кептелегін азайтуға бағытталған шаралар. Соңғы жылдарда ғана қалада 13 жолайрық салынды және мұндай құрылыстың саны Алматы қаласы бойынша 20-ға жетіп, келешекте жалғасын таба беретін болады, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол құрылысының жұмысымен танысқаннан кейін.

Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартатын аталған жолайрық жобасы жуырда ғана пайдалануға беріліп, қазіргі таңда тек бұл нысанның сыртқы сипаты мен маңайын көгалдандыру, су құбырларын жүргізіп, жаяу жүргіншілерге арналған жалғыз аяқ жолдарының жұмысы атқарылуда. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Жаңа жолайрық пен жаңа кешен - Елбасы назарында» деген тақырыппен берілген.

Еліміздің бас басылымында «Атақты Кличколар Әулиеата өңіріне келіп қайтты» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Украин елінің белгілі кәсіпқой боксшылары Виталий және Владимир Кличколар өздерінің балалық шағы өткен жерді аралады. Олар алдымен Тараз қаласына келіп, облыс әкімі Қанат Бозымбаевпен бірге жақында ғана құрылысы аяқталған «Тараз-Арена» спорт кешенінде болды. Одан кейін Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы - Құлан ауылына сапар шекті. Мұнда Виталий мен Владимир қазіргі Құлан, бұрынғы Луговой ауылындағы бір кездері ата-анасымен бірге тұрған үйге барып, өздері алаңсыз ойнап өскен ауланы аралады. Қара шаңырақтарын әлі күнге дейін бұзбай отырған үйдің бүгінгі қожайынына ескерткіш сыйлық тапсырды. Оқыған мектебіне де соғып, оның бүгінде балабақшаға айналғанын көрді. Виталийдің бала кездегі ұстаздары мен бір-екі сыныптастары да табылып, өткен жылдардан есте қалған қызықты оқиғалар да айтылды. Ағайынды боксшылар өздері жүрген көшелерді де аралап көріп, сағынышты жылдарын еске алды. Тарихқа бір сәт көз жүгіртсек, әлем чемпиондарының атасы Родион Кличко мен әжесі Тамара Ефимовна соғыстан кейін Қазақстанға жер аударылады. Міне, сол жылдары бүгінде күрзі жұдырығымен әлем бокс жанкүйерлерінің таңдайын қақтырған Кличколардың әкесі Владимир дүниеге келеді. Ол оқып, ержеткен соң ұшқыштар училищесін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп, Чехословакияда, Қырғызстанда, Қазақстанда және Балтық жағалауы елдерінде әскери әуежайлар салу бойынша қызмет етеді.

***

«Өткен жылы қазақстандықтар 5 миллиард теңгеге лотерея сатып алыпты! Соның арқасында ұтысты ұйымдастырушылар екі миллиард теңгеден астам таза пайда тапқан екен. Мұндай мәліметтер кеше Мәжіліс мінберінен айтылды. Үкімет Парламентке лотерея қызметін реттеуге бағытталған жаңа заң жобасын енгізген екен. Кеше Спорт істері және денешынықтыру агенттігі қалаулылар алдында осы құжаттың тұсауын кесті»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Халық лотереяға сене ме?» деген мақалада.

- Еліміз бойынша лотереялық қызметті жүзеге асырудың жиынтықтық айналымы 5 миллиард теңге болды, - деп хабарлады Агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов. - Соның 400 миллионын олар салық түрінде төледі. Мұның сыртында 2 миллиардтай теңге ұтыстарды төлеуге жұмсалған. Сонда олар шамамен 2 миллиардтан астам таза табыс тапқан болып шығады.

Бір қызығы сол, Агенттік халықтың лотереяға бұдан да көп қаржы шығындағанын мақсат тұтып отыр екен. Е.Қожағапанов осы заңдағы тетіктер іске қосылған соң, осы сала айналымы тағы 30 пайызға артатынын болжады. Оның айтуынша, лотерея сатып алғысы келетін халықтың сеніміне алаяқтар селкеу түсіріп отыр. - Иә, алаяқтық оқиғалары бар, - деді Агенттік басшысы. - Өкінішке қарай, лотерея саласын заңнамалық реттеудің жоқтығы кесірінен, тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары алаяқтық фактісін дәлелдеу мүлдем мүмкін болмайтын құқықтық қиыншылықтарға маңдай соғады.

Осы басылымда «Төле бидің тойы Таразда өтті» деген мақала берілген. «Данагөй абыз Төле бидің тойы туған жері - Әулиеата өңірінде жалғасты. Тараз қаласындағы Төле би даңғылы мен Желтоқсан көшесі қиылысынан Төле биге ескерткіш ашылып, дана би өзінің тұғырына қонды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған елге есімдері танымал зиялы қауым қатысты. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев көпшілікті құттықтап, сөз сөйледі»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында медицина ғылымының докторы, профессор, академик Төрегелді Шармановтың «Денсаулық және дін» деген мақаласы басылған. «Біздің ислам дініміздің қағидаларының денсаулыққа ешбір зиян жері жоқ екенін, қайта зор пайдасы барын айту керек. Ең бірінші ол денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерге қарсы. Мысалы, арақ-шарап ішімдіктерінен аулақ болуы талап етіледі. Аурулардың алдын алу шараларына да діни тұрғыдан зор мән берілген. Мәселен, не болса соны ішіп-жей беру де күнә саналады»,-деп жазады ғалым.

***

«Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында «Қала маңынан әзірше жер берілмейді» деген тақырыппен Астана қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркеновпен арадағы сұхбат жарияланды. «Рас, жекеменшік үй салу үшін бір рет он сотық жерді тегін алуға болатыны жөніндегі бап Жер кодексінде әлі бар. Қазіргі кезде игерілген жерлерде инфрақұрылымның жоқтығынан қала маңында жер беру тоқтатылды. Қазіргі кезде мұндай дайын жер болмай тұр»,-дейді басқарма басшысы.