Халық мемлекеттік қызмет алушылардың құқығы мен міндеттері туралы жеткілікті хабардар емес

АСТАНА.  10 тамыз. ҚазАқпарат - Қарапайым халық мемлекеттік қызмет түрлерін алушылардың құқы мен міндеттері туралы, сондай-ақ ондай қызметтерді кімдер көрсететіні туралы жеткілікті хабардар емес.

Халық мемлекеттік қызмет алушылардың құқығы мен міндеттері туралы жеткілікті хабардар емес

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет саласын дамыту» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» барысында Экономикалық даму және сауда министрлігінің Жауапты хатшысы  Дина Шәженова осылай мәлім етті.

«Расында, жұртшылық біз бүгінгі күні қай бағытта алға жылжып бара жатқанымыз туралы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет түрлерін алушылардың құқы мен міндеттері, ондай қызметтерді кімдер көрсететіні туралы жеткілікті хабардар емес. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметтер туралы жеке заң жобасын әзірлеп, қабылдаудың уақыты жетті деп санаймын»,  - деді Жауапты хатшы.

Оның айтуныша, бүгінгі таңда 572 аталымды қамтитын мемлекеттік қызмет реестрі бекітілген. Бұндай қызметтердің қатарында халық арасында аса жоғары сұранысқа ие әрі тұрақты қызмет болып саналатын мемлекеттік қызметтер де баршылық. 500-ге тарта мемлекеттік қызметтер әкімшілік сипатқа ие және олардың дені қандай да бір құжатты алу мен өткізуге қатысты. Дәл осы бағытта бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің 239 стандарты бекітілген.

Еске сала кетейік, жаңадан әзірленген заң жобасында мемлекеттік қызмет көрсету барысында тұтынушылардың заңды мүдделері мен құқықтары бұзылған жағдайда ол бойынша шағымдар қарау институтын енгізу көзделеді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары мен регламентіне талаптар арта түседі, соның ішінде әрбір азаматты мемлекеттік қызмет стандарттары жобасын талқылауға тарту шаралары қаралады.