Халық наразы болса, салмаймыз - Қанат Бозымбаев АЭС жайында

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қазақстанда атом электр стансасы салына ма?» деген сұраққа жауап беруден жалыққанын айтып, мәселені түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АЭС туралы мәселені 100 рет айттым. 101-ші рет айтайын. Халық дұрыс түсінуі керек. Бұл мәселені зерттеу бір мәселе, атом электр стансасын салу - басқа мәселе. Біз уран өндіруден әлемді бірінші орындамыз. Уранды өндіретін мемлекет ретінде ұлттық компания дүние жүзінде бірінші орында. Қазір біздің «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жаңа зауыттың құрылысын аяқтап отыр. Ол зауыт осындай АЭС-терге арналған отын құрамаларымен бес қытайлық үлкен атом стансасын қамтамасыз етеді. Біз оны әрі қарай дамытып, қарап отырмыз. Шикізатты сатамыз деп біз қазір бүкіл уранды сатып жүрміз. Ал келесі қадамға шықсақ, қыруар қаржы табамыз. Сондықтан, осы мәселені зерттесек, одан мен ешқандай қарама-қайшылық көріп отырған жоқпын», - деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр қазіргі таңда Қазақстан аумағында АЭС салу туралы ешқандай шешімнің жоқтығын айтып өтті.

«Зерттеу бар. Оны қарау керек. Зерттеу керек. Тиісті компаниялармен келіссөздер жүргізілуі тиіс. Пікір алмасу керек. Басқаша интерпретациямен көпке мәлімет берілуі мүмкін. Кейбір саясаткерлер өз технологияларын бізге сатамыз деп, кейде соны айтады (...) Халық наразы болса, біз ешқашан ондай нысанды салмаймыз. Заң бойынша біз халықтың пікірін білуіміз керек. Екіншіден, Президент Семей қаласында сапармен болғанда «Халықтың пікірін білеміз. Егер керек болса, ол сауалнама ретінде, керек болса референдум жасаймыз» деді. Сондықтан, Президент айтса - біз не істейміз? Тыңдаймыз ба? Тыңдаймыз ғой!» - деп сөзін түйіндеді Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетсек, кеше халыққа есеп беру кезінде Қанат Бозымбаев Қазақстанда Атом электр стансасын салу жоспарда жоқ екенін мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар