Халық өзінің болашақ тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыстыратынын тағы бір дәлелдеп берді - Қазақстан жазушыларының мәлімдемесі
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында лайықты таңдауын жасады.
Халық өзінің болашақ тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланыстыратынын тағы бір дәлелдеп берді.
Бұл туралы Қазақстан жазушыларының мәлімдемесінде айтылған.
Мәлімдеме де атап өтілгендей, еліміздің қаламгерлер қауымы, ақын-жазушылар бұл маңызды саяси доданы мұқият қадағалап қана қойған жоқ, Қазақстан тарихындағы Елбасының ерен тұлғасын, әлем таныған қайраткерлік болмысын және болашақтағы атқаратын істерін қалың оқырманға жеткізуге тырысты. Сол арқылы халықтың өз қалауын дұрыс таңдауына мүмкіндігінше ықпал етуге күш салды.
Елдегі әрбір саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени реформаларды жіті бақылап отыратын ұлт зиялылары - халықтың бұл таңдауын мемлекет тағдырына және ел мүддесіне деген адалдығы деп бағалайды. Ұлтымыздың кемел келешегі жолында жасалған ірі саяси қадам ретінде ұғынады.
«Сайлау заң талаптарына және халықаралық ережелерге сай ашық, жария әрі әділетті өткенін атап өткіміз келеді.
Қай қоғам болсын қиындықсыз, кедергісіз алға басқан емес. Біз де жаңа құрылып жатқан мемлекет ретінде әлемдік деңгейдегі саяси талап-тілектердің үдесінен біртіндеп шығып келеміз..
Осындай жауапты кезеңде Қазақстанды өзінің тарихи Отаны санайтын өзге этнос өкілдері үлкен бауырмалдық танытып, ауызбіршілік көрсете білді. Сөйтіп, күллі қазақстандықтардың бұл саяси шешімі - ел ішінде орныққан келісім мен татулықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Бұл - тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында елдегі сайлау мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілгенін айғақтайды және осы таңдау жаңа дәуірдің жарқын беттері болатыны сөзсіз.
Азаттық жолында сан ғасырлар аттан түспей, күреспен өткен ұлы бабалардың аңсаған арманына халқын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеткізді. Қазақ елін әлемдегі іргелі мемлекеттердің қатарына қосып, шекарамызды шегендеп берді. Бүгінде республикамыздың өзге елдермен терезесі тең өркениетті мемлекетке айналуын бүкіл әлем Елбасының есімімен тікелей байланыста қабылдайды.
Алдағы кезеңде де еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығымен көркейіп, гүлдене беретініне сеніміміз кәміл!», - делінген мәлімдемеде.
Қазақстан жазушыларының мәлімдемесіне Нұрлан Оразалин, Шериаздан Елеукенов, Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза және басқалары қол қойған.