10:38, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық санағына қатысуды барлық адам азаматтық борышым деп санауы тиіс
АЛМАТЫ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлттық бүкілқазақстандық 2-ші халық санағы кезінде әр азамат санақшыны үйден күтпей өзі де белсенділік көрсетуі керек.

Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев кеше «Жетісу-1» ықшамауданында тұрғындармен болған есеп беру кездесуінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл санақ бұрынғыдан өзгеше. Онда құжатқа емес азаматтардың өздеріне сенім артылады. Жасыратыны жоқ, 1999 жылғы алғашқы ұлттық бүкілқазақстандық халық санағы кезінде кейбір азаматтар мен саналмай қалдым деп әкімдікке келді. Бұл жолы да сондай жағдай қайталанбас үшін оған өздеріңіз де белсенділік көрсетіңіздер. Үйде күтіп отыра бермей ПИК-ке, мектепке, учаскелік полиция тірегіне барып, арнайы үлгідегі киіммен жүрген санақшыларға өзіңіз туралы ақпарат беріңіз», - дейді Әділ Несіпбаев. Оның айтуынша, бұл барлық ел тұрғыны үшін маңызы зор үлкен іс. Санаққа қатысуға әрбір азамат ең алдымен өзі ынталы болуы керек. Оны өз борышым деп санауы тиіс.