Халық сүйіспеншілігіне бөлену - қашанда зор мәртебе

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - «Астана таңдауы» жалпықалалық байқауы - біз күн сайын көріп жүрген қарапайым адамдардың жанқиярлық еңбегі мен қаһармандығы. Кейіпкерлерді олардың жоғары кәсіби дәрежесіне тәнті болған елорда тұрғындары таңдай алады.
None
None

Жеңімпаз көп дауыс жинау арқылы анықталады. 2012 жылы «Үздік дәрігер» атағын Қазақ мемлекеттік медицина академиясының түлегі, 2008 жылдан Астана «Перинаталдық орталығында» жұмыс істейтін Владимир Калашников жеңіп алды. Осы кез еңде ол 2 мыңнан астам әйелді босандырып, инновациялық технологияларды енгізді. Халық сүйіспеншілігіне ие болудың «құпиясы» неде екендігін «Астана тандауы-2013» жаңа байқауы қарсаңында astana.kz сайтымен өткен жылғы байқаудың ең жас жеңімпазы бөлісті.

- «Астана таңдауы» байқауында таңдау сізге түскендігін қалай білдіңіз?

- Келушілердің бірі жұмыста кездейсоқ айтып қалды. Мен мұны күтпеп едім. Сосын қызығушылығым оянып, сайтқа өзім кіріп, қарадым. Жеңіске жетем деген ой мүлде болған жоқ. Әрине, естіген кезде бойымды қуаныш сезімі биледі. Жеңіс деген жақсы ғой.

- Жеңісіңізден кейін жұмыста не өзгерді? Сіздің жеңіл қолыңыздан босанғысы келетін әйелдер саны көбейген жоқ па?

- Жоқ, әйелдер саны өзгермеді. Біз екі тәулік сайын ауысып кезекшілік атқарамыз. Толғақ қысқан әйелдер мені күтіп отыра алмайды ғой. Әріптестерім құттықтап, басшылық ақшалай сыйлық берді. Тағы бір айтарым, менің қосымша жұмысым пайда болды. Енді мен оқу-клиникалық орталығында тиімді перинаталдық технология бойынша қалалық үйлестіруші болып жұмыс істеймін. Байқауда жеңімпаз атанғанша өзіміздің перзентханада жаттықтырушы болдым.

- Қызғанышпен қараған әріптестерің болды ма?

- Жоқ, ешқандай да қызғаныш болған емес. Біз бір-бірімізбен өте жақсы қарым-қатынастамыз.

- Сіздің ойыңызша, халық сүйіспеншілігіне бөлену үшін не істеу керек?

- Әрине, бірден жауап беру қиын. Бұл адамдармен қалай қарым-қатынас жасауыңызға байланысты деп ойлаймын. Кез келген адам сізбен жақсы қарым-қатынаста болуы үшін, әуелі онымен жақсы мәміледе болуыңыз керек. Сонан соң үнемі талмай, ерінбей еңбек ету қажет.

- Астана тандауы байқауына көзқарасыңыз?

- Әдетте байқауларда дәрігерлер кәсіби тұрғыдан ең үздік маманды өздері таңдап алады, ал мұнда халық ашық түрде интернет арқылы дауыс береді. Осыдан кейін халықтың медицина маманын қаншалықты бағалайтынын білуге болады. Емделушілермен тығыз қарым-қатынаста болу біздің басты жұмысымыз, оларға жақсы көңіл бөлуіміз керек. Ал бұл байқау жалпы медицинаның мәртебесін көтеретіні анық. Мұндай байқауларды міндетті түрде жыл сайын өткізіп отыру керек.

- Биыл кімді ұсынасыз?

- Әзірге белгісіз. Жүргізушілер мен мұғалімдерден танысым жоқ. Тек дәрігерлерді ұсынуым мүмкін, алайда кімді ұсынарымды ойланған жоқпын.

Құрметті Астана тұрғындары мен қонақтары!

Егер де танысыңыз жайлы баяндағыңыз келсе, мына мекен-жайға хабарласыңыз: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25-үй, 401-кабинет немесе электрондық пошта astana-tandauy-2013@mail.com . Егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласыңыз: 8 (7172) 910-842, 910-845 (факс).

«Педагог», «Қоғамдық көлік жүргізушісі», «Учаскелік инспектор», «Дәрігер», «Энергетик», «Жол жөндеуші» және «Құрылысшы» салаларының ең үздік мамандарын іздейміз. Өтінімдерді қабылдау 2013 жылдың наурыз айында басталды және 31 мамырға дейін жалғасады, дауыс беру 1 маусымда басталады. Байқау нәтижелерін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астана күні қарсаңында жариялайды.

Соңғы жаңалықтар