«Халық тарих толқынында» айдары аясында 2170 материал жарық көрді - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Халық тарих толқынында» айдары аясында 2170 материал жарық көрді. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
Жылдың басында тарихшылардың басын қосып Қазақстан тарихының арғы-бергі кезеңінде жинақталған және ұлт тарихының шынайы тарихи оқулықтарын жазу үшін берілген тапсырмалардың негізінде көптеген жұмыстардың атқарылған атап өткен министр: «Әрине, тарихта жазылатын дүние 1 жылдың не болмаса бірнеше айдың ішінде жүзеге аспайтындығы белгілі. Қазір тарихқа жылдам қосылған тарихшылар бүгін сақ тарихына, ертең ғұн тарихына, бүрсігүні түркі тарихына, арғы күні қазақ тарихына әмбебап шығармаларды топырлатып жаза береді. Олардың барлығы ғылыми айналымға түспейді және ғылым тарапынан үлкен баға да алмайды», - деді ол. М. Құл-Мұхаммедтің пайымынша, сондықтан да тарихшылар бүкіл өмірін бір тақырыпты бастан-аяғына дейін зерттеуге арнайды. Ал оны жазып шығу үшін шетелдік мұрағаттардағы қазақ тарихына қатысты құжаттарды алдырып, ғылыми айналымға түсіріп зерттеп, жүйелеу қажет. Онсыз нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. «Мінеки, осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі «Халық тарих толқынында» деген рубрикаға Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарын жұмылдырды. Аталған қысқа мерзімнің ішінде, 5 маусымнан бүгінге дейін 2 100 материал жарық көрді. Олардың 743 ақпарат құралдарында. Ал 524 телеарналарда жарияланған», - деді ол.