Халықаралық ана тілі күніне орай кеден қызметкерлері арасында байқау өтті
АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық кедендік бақылау департаментінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тақырыпта байқау өтті. Ол Халықаралық ана тілі күніне орай ұйымдастырылды.
Онда талапкерлер үш аталым бойынша өздерінің бойындағы бар өнерлерін ортаға салды. Біріншісі, «Өнерімен өрге жүзген» деп аталды. Бұл сында Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының қызметкерлері Дина Әбішева мен Рауан Тойшыманова өздерінің жүректерінен шыққан сазды әуендерін орындап, «Буын» биін мың бұрала билеп көрерменді ерекше тәнті етті. «Әсем киім - адам көркі» деп аталатын екінші аталымда, қазақтың ұлттық киімдерінің әрбір ою-өрнегінің мағынасын түсіндіріп, көрсеткен Посткедендік бақылау басқармасының қызметкері Гауһар Айнабекова мен Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының өкілі Едіге Байдәулетов көзге түсті. Ал қазақ ақындарының өлеңдерін нақышына келтіріп мәнерлеп оқуда Тәуекелдерді талдау және статистика бөлім қызметкері Ұлан Ержанұлы мен Қаржы және материалдық, техникалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері Еркебұлан Зұлқарнаев барлық қарсыластарынан басым түсті. Байқау соңында үздік кеден қызметкерлері арнайы дайындалған сыйлықтарға ие болып, қазылар алқасының құрмет мадақтамаларымен марапатталды.