Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті: рахмет Алматы, рахмет Қазақстан!
АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат - Өздеріңіз куә болғандай бұл Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы президенті Чинг-Куо Ву бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында аяқталған дүбірлі доданың жабылу салтанатында айтты.
«Дүниежүзінен жиналған былғары қолғап шеберлері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан ең алдымен Қазақстан бокс федерациясына және оған көмектескен бүкіл ұйым өкілдеріне, жанкүйерлерге, еріктілерге шын жүрегімнен алғыс білдіргім келеді. Әлем чемпионатының барлық жеңімпаздары біздің батырларымыз», - деді Чинг-Куо Ву. Қауымдастық басшысының айтуынша, ересектер арасындағы келесі Әлем чемпионаты 2015 жылы Катарда өтетін болады. Оны барша спорт сүйер қауым асыға күтетін болады.