15:24, 06 Мамыр 2010 | GMT +5
Халықаралық бағдарламалар орталығы республика облыстарында көшпелі кездесулер өткізеді
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірлерінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерге толық мәліметтерді жеткізу мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ көшпелі кездесулер өткізеді.
Аталған кездесулер Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларында өтеді. Іс-шараның мақсаты - Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерге 2010 жылғы қабылдау конкурсының шарттарымен таныстыру, іріктеу ережесін түсіндіру.
Мұндай көшпелі кездесулер үміткерлердің құжаттарын қабылдау науқаны барысында жүргізіледі және бұған дейін Петропавл, Қызылорда, Қостанай қалаларында өтті.
Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің 27 елінде 3000-ға жуық стипендиат білім алуда. 17 жыл ішінде 2176 қазақстандық шетелде білім алып, елге оралды.