Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шаралармен 3 млн. астам жеткіншек қамтылады - ҚР БҒМ
АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шаралармен республика бойынша 3 миллионнан астам бала қамтылады.
Мереке тұсында республикада «Біз - Қазақстан балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» бүкілқазақстандық акциясы өтеді. Оның шеңберінде республикалық көлемде 500-ден астам шара ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл күндері аймақтардағы барлық орталық алаңдар, стадиондар, саябақтар мен сарайлар бүлдіршіндердң құзырында болады.
Атап айтқанда, 1-3 маусым күндері жетім немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында «Таң Шолпан» музыкалық байқауы, 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» VI Ұлттық ақпараттық науқаны, 1 маусымда Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жұлдызай» фестивалі өтпек.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде «Қазақстан жазушылары - балаларға» мерекелік іс-шарасы, «Қазақстан балалары спортты таңдайды!» спорттық акциясы өткізіледі.
«Барлық шаралар қазақстандық балалар мен ата-аналарға қуаныш сыйлайды деген сенімдемін», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Раиса Шер.